Қарағандыда жол жиегінде кетіп бара жатқан екі адамды көлік басып кетті

Фото: Қарағанды облысы ПД

Қарағандыда жеңіл көлік тротуарға шығып кетіп, екі адамды қақты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оқиға 31 наурыз күні шамамен сағат 23:00-де Бұқар жырау даңғылы бойында болды. Audi автокөлігінің жүргізушісі Дүйсенбеков көшесіне қарай бағыт алып келе жатып, жылдамдық режимін асырып, көлікті басқара алмай, жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткен.

«Жол апаты салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды, ал екінші адам, сондай-ақ автокөлік жүргізушісі мен оның жолаушысы түрлі жарақаттарымен облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді», — деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Азамат Ахметов.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Қарағанды облысы Полиция департаменті жүргізушілерді жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.