Қарағанды облысындағы Приозерск гарнизонында әскери бөлімде әскери қызметші өз-өзін атып өлтірді. Бұл ақпаратты Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Qazaq.today.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған оқиға әскери қызмет өткерумен байланысты емес.
«Осы жылдың 14 қазанында Приозерск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметші қарауыл қызметін атқарған уақытта бекітілген қарумен өзінің бас аумағына оқ атқан. Аталған оқиға әскери қызмет өткерумен байланысты емес. Алдын ала ақпаратқа қарағанда сарбаз отбасылық-тұрмыстық жанжалға байланысты өз-өзіне қол салған», — делінген хабарламада.
Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жүргізілуде.
«Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Айта кетерлігі, сарбаздың белгіленген әскери қызметінің аяқталуына екі апта қалған. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Оның жақындарына қажетті көмек көрсетіледі», — деп хабарлады Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, кеше Шахтиск қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 6505 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісінің денесі табылғанын жазған болатынбыз.