Ақтөбе облысында жол апатынан депутат пен ерлі-зайыпты қаза тапты

Фото: Ақтөбе облысы ПД

Самара-Шымкент тасжолының Ырғыз ауылы маңында екі көлік соқтығысты. Салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен екі жолаушы ажал құшты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Оқиға 9 мамыр күні болды. Самара-Шымкент автожолында ВАЗ автокөлігі мен бір бағытта келе жатқан МАН жүк көлігі соқтығысқан. Жеңіл көлікте Ырғыз ауданының адамдары болса, жүк көлігін шетелдік жүргізген.

«Апат салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы қайтыс болды. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Облыстық әкімдік көлікте мұғалім ерлі-зайыпты мен аудандық мәслихат депутаты болғанын хабарлады.

«Әйелі – бастауыш сынып мұғалімі, күйеуі – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Екеуі де 1979 жылы туған. Жүргізуші ауруханада көз жұмды. Ал екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Аудандық мәслихат депутаты 28 жаста еді», – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық әкімдігі.

Жол-көлік оқиғасының басқа мәліметтері хабарланған жоқ. Оқиғаның себебі тергеу барысында анықталады.

39