Апатты жағдай туындаған: Қызылорда облысында жоғалған ұшаққа қатысты тың мәлімет шықты

Фото: видеодан скриншот

Қызылорда облысында жоғалып кеткен АН-2 ұшағы иен даладан табылды. Экипаж мүшелері аман-есен, оларға сегіз сағаттан кейін құтқарушылар жетті, деп хабарлайды Qazaq.today.

АН-2 ұшағындағы оқыс оқиға

Қызылорда облысында «Таң-Құмкөл» бағытында ұшқан АН-2 ұшағы мәжбүрлі түрде жерге қонған. Бұл туралы кеше ТЖМ кезекші бөліміне хабарлама келіп түсті.

«Ұшақ бортында 3 адам болған. Олардың қайда екені белгісіз еді. Олармен байланыс болмады», — деп жазылған ТЖМ таратқан ақпаратта. 

Жедел іздестіруге ТЖМ және полиция департаментінің барлық күші мен құралы тартылды. Сондай-ақ іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды. Іздестіру тобының жедел және үйлесімді іс-қимылдарының арқасында 8 сағаттан кейін түнде жоғалғандар ай даладан табылды.

 «Олар Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тереңөзек кентіне жеткізілді. Ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», — деп хабарлады құтқарушылар.