Пара алған: Антикор өзінің бұрынғы қызметкеріне халықаралық іздеу жариялады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі өзінің бұрынғы қызметкеріне халықаралық іздеу жариялады.

Агенттік мәліметінше, 45 жастағы Қазақстан азаматы Дәуренбек Аманқұлұлы Қожабаевқа «пара алу» бабы бойынша айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет күдіктінің қайда екенін туралы ақпарат бергені үшін сыйақы берілетінін мәлімдеді.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Дәуренбек Қожабаев 2022 жылы Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.

“Іздеу салынған адам анықталған жағдайда немесе оның болуы ықтимал орны туралы қандай да бір ақпарат алынған кезде, Агенттікке: 1424 – Call-орталыққа, 8 (7172) 90-92-60 (Кезекші бөлім), 8-701-972-06-05, 8-775-934-63-33 нөмірлеріне хабарлау қажет”, – делінген хабарламада.

Агенттік іздеуде жүрген адамды ұстауға ықпал ететін ақпарат бергені үшін сыйақы және анонимділік тұрғысынан кепілдік берілетінін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында экс-шенеунік кәсіпкерлерді ұлының оқуының ақшасын төлеуге мәжбүрлегені туралы жазған едік.