Қазақстан мектептерінде 2025 жылдан бастап Тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздің білім беру ұйымдарында оқушылардың денсаулығын жақсартуға бағытталған Тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Министрдің айтуынша, жаңа стандарт дұрыс тамақтану бойынша халықаралық ұсынымдарға сәйкес әзірленген және семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары сынды созылмалы дерттердің алдын алуға бағытталған.
Қант пен тұз көлемі бірнеше есеге қысқарады
Жаңа стандарт аясында:
— тағам құрамындағы қант мөлшері 3,6 есеге,
— тұз мөлшері 5 есеге дейін азайтылады.
Бұл шаралар:
— балалар арасындағы семіздік деңгейін 15%-ға дейін,
— қант диабетін – 20%-ға дейін,
— артериялық гипертензияны – 18%-ға дейін төмендетуге ықпал етеді деп күтілуде.
Жаңа ұғым: «Жеуге жарамсыздық индексі»
Жаңа стандартта алғаш рет оқушылардың тамақтануға деген қанағаттануын бағалауға мүмкіндік беретін «Жеуге жарамсыздық индексі» ұғымы енгізілді. Бұл көрсеткіш оқушылардың тәрелкесінде қалған тағам қалдықтары арқылы анықталады.
Сондай-ақ стандартта:
— ас блогы жоқ шағын жинақты мектептер үшін арнайы мәзір,
— балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелерге арналған талаптар да қарастырылған.
Жаңа жүйеге бейімделу басталып кетті
Тамақтанудың жаңа стандартын тиімді енгізу мақсатында қазіргі уақытта Білім және денсаулық сақтау басқармалары, мектеп әкімшіліктері және тамақ жеткізуші компаниялар арасында оқыту семинарлары өткізіліп жатыр.
Министрдің айтуынша, бұл жүйе оқушылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, білім беру ұйымдарындағы тамақ сапасына деген бақылауды күшейтеді.