Алматыда репродуктивтік медицина қауымдастығының XV Халықаралық конгресі өтіп жатыр. Жиынның тақырыбы — «Бедеулікті емдеудің заманауи жолдары. Бүгінгі және болашақ қосалқы репродуктивтік технологиялар» деп аталады, деп хабарлайды Qazaq.today.
«Елімізде әр алтыншы отбасы бедеулік зардабын тартып отыр. Оған экологияның нашарлығы, әйел мен еркек денсаулығының төмендігі себеп. Сондықтан ЭКО әдісіне жүгінетіндер саны артып барады. 2021 жылы ҚР Президентінің тапсырмасымен елімізде үш жылға арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданып, мемлекеттік квотаның саны жеті есеге артқан болатын», — дейді Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығы президенті Вячеслав Локшин.
Айтуынша, үш жылдық бағдарламаның нәтижесі жаман емес. 2021-2023 жылдар аралығында 21мың отбасы ЭКО жасатып, 10 мыңнан астам бала дүниеге келген.
«Бұл үлкен көрсеткіш. Енді «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылатын болды. Яғни, алдағы жеті жылда бедеулікке шалдыққан 49 мың отбасы аталған бағдарламаға қатысып, ата-ана бақытын сезінуге мүмкіндік алмақ. Біз алдағы уақытта да жыл сайын міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен 7000 ЭКҰ жасауды әрі қарай жалғастырамыз», — деді Вячеслав Локшин.
Биылғы конгресс Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығының құрылғанына 15 жыл толуына орайластырылған. Жиында соңғы он бес жылда елдегі репродуктивті медицина деңгейінің даму қарқыны, әлемдік жаңа технологиялардың қолданысқа енгізілуі сияқты мәселелер талқыланды. Осыдан он жыл бұрын қолданылған әдістер бүгінде түрленіп, жаңа технологиялар енгізілді. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктің бірі – жасанды интеллект. Яғни эмбриоскоп таймлапс режимінде сау эмбрионды таңдап, оның даму барысын бақылап отырады. Әр 5-10 минут сайын эмбрионды суретке түсіріп, дәрігерге әр өзгеріс туралы ақпарат беріп тұрады.
Генетик Марат Отарбаевтың айтуынша, мұндай жасанды интеллект эмбриолог, генетик мамандарға үлкен көмегін тигізіп отыр.
«Жасанды интеллект эмбрионды жатыр қуысына енгізбес бұрын, бес күн ғана толған эмбрионға диагностика жасап, тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осындай жаңа технологияларды енгізу, басқа елдің тәжірбиесіне үңілуде бүгінгідей халықаралық конгресстің пайдасы зор», — дейді генетик Марат Отарбаев.
Әлемдік репродуктивті медицина жатыр трансплантациясы, эмбрионды, баланы жасанды жатырда өсіру сияқты әдістерді енгізіп жатыр. Мәселен, Швецияда жатыр трансплантациясы жасалған.
Бұған қатысты м.ғ.д., профессор, репродуктолог Вячеслав Локшин мынадай пікір білдірді:
«Жатыр трансплантациясы әрине өте қиын операция, оған үлкен дайындық керек. Бөтен жатырды әйелдің ағзасы қабылдай ма, жоқ па, ол үшін ұзақ мерзімге дәрілер тағайындау сияқты қиындықтар бар. Трансплантацияға қарағанда жасанды жатырды пайдалану әдісінің болашағы зор дер едім. Дүниежүзінде бұл әдіске қызығушылық зор. Әзірге ғалымдар жасанды сиыр жатырына эмбрион өсіріп, одан туған бұзауға бақылау жасауда. Сондықтан репродуктивті медицинада алдағы уақытта жасанды жатыр пайда болуы мүмкін».
Шараға ҚР Сенат және Парламент Мәжілісінің депутаттары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Иманғалиева, еліміздегі ірі ғылыми-медициналық орталықтар жетекшілері, АҚШ, Сауд Арабиясы, Дания, Испания, Ұлыбритания, Португалия, Қазақстан, Грузия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген жетекші мамандар қатысып, өзара тәжірибе алмасуда.
Айта кетейік, халықаралық конгресті ҚР Денсаулық министрлігінің қолдауымен Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығы ұйымдастырып отыр.
Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығы 2008 жылы 2-қазанда құрылып, акушер-гинеколог, андролог, эмбриолог, генетик, психолог мамандардың басын қосты. Аталмыш ұйым репродукция саласындағы Еуропалық консорциум мүшесі саналады.
Qazaq.today