Амандаспағаны үшін жазалаған: Шиеліде төменгі сынып оқушысын ұрып өлтіргендер сотталды

Қызылорда облысында оқушылар сотталды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ауыр қылмыс жасаған жасөспірімдер Қ. мен Ж.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Олар денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бұзақылық баптары бойынша айыпталды.

Тергеу барысында анықталғандай, Шиелі ауданы Қодаманов ауылының 10-сынып оқушылары Қ. мен Ж. сыныптастарымен бірге 9-сынып оқушыларының өздеріне амандаспай, сыйламаушылық көрсетіп жүргенін сылтау етіп, оларды «тәртіпке салу» үшін ауылдың шетіне жиналған. Сол жерде Ж. 9-сынып оқушыларын беттерінен ұрып шығып, Қ. бұл әрекетті жалғастырған. Қ. жәбірленуші А.-ны көкірек тұсынан қатты ұрып, соның салдарынан А. жүрегінің рефлекторлы тоқтауынан қайтыс болды.

Сотталушы Қ. өзіне тағылған айыпты ішінара мойындаса, Ж. толық мойындады. Сараптама қорытындысына сәйкес, Қ.-ның соққысынан жәбірленушіге ауыр дене жарақаты келіп, жүрек-қан тамыр жүйесінің тоқтауына себеп болған.

«Сот үкімі бойынша, Қ. ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Ал Қ. мен Ж. бұзақылық әрекеттері үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылды», — делінген хабарламада.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ