«Аманат» партиясы ХҚКО-ларды жекешелендіруге қарсы депутаттық сауал жолдады

«Аманат» партиясы фракциясының депутаттық сауалы бірінші вице-премьер-министр Р. Склярға жолданды.

Күні кеше қазақстандық қоғамды халыққа қызмет көрсету орталықтарының жекешелендіруге дайындалып жатқаны туралы жаңалық дүр сілкіндірді. Стратегиялық нысандарды жекешелендіруге қатысты түсініксіз шешімдерге барлығы үйренгені соншалық, бұл ақпарат күдік туғызған жоқ, бірақ азаматтардың, оның ішінде жеке деректерді қорғау саласындағы сарапшылардың әділ наразылығын тудырды.

Бұл әрекеттер заңнаманың жаңалықтарымен реттелген көрінеді. Шынында, мемлекеттік корпорацияның қызметі туралы заң жылдың басында қабылданған болатын. Бұл заң, керісінше, серіктес ұйымдарға құжаттарды қабылдау және беру процесі, деректерді қорғау және қызмет алушыларды аутентификациялаудың ерекшеліктері бойынша талаптар енгізді. Бұл сол кезде әрекет етіп тұрған 20-дан астам жеке ұйымның және реттелмеген әрі бақылаусыз жұмыс істеп жатқан «көмекшілер» нарығының жұмысын ретке келтіру үшін жасалды. Олар талаптар мен ережелерсіз, пилоттық жобалар аясында немесе көлеңкеде жұмыс істеп келді.

Осы мақсатта мемлекеттік қызмет формалды түрде екі бөлікке бөлінді – құжаттарды қабылдау және беру қызметі және тікелей қызмет көрсету. Бұл тәсіл жеке ұйымдардың деректермен, соның ішінде жеке мәліметтермен жұмыс істеу процедураларына қатысуын нақты шектеуге мүмкіндік берді. Заң, іс жүзінде, мемлекеттік функцияларды нарыққа беру мүмкіндігін жоққа шығарды, өйткені серіктестерге тек қабылдау және нәтижелерді беру туралы мәселе ғана қарастырылған.

«Аз сөйле, көп істе» деген жақсы нақыл бар. Жекешелендіру туралы қатты даулы мәлімдемелер жасаудың орнына, мемлекеттік корпорацияға ағымдағы мәселелерді шешу және заңнама жаңалықтарын іске асыру бойынша жұмысты күшейту қажет. ХҚКО айналасында көмектесушілер саны азайған жоқ, керісінше, олар консалтингтік фирмаларға айналды. Ауыл тұрғындары әлі де ондаған шақырым жүріп мемлекеттік қызметтерді алуға мәжбүр. Жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты сұрақтар бар.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, тек қолданыстағы заңнама аясында келесі мәселелерге ерекше назар аудару маңызды деп санаймыз:

  1. Серіктес ұйымдардың Заңның жаңа талаптарына сәйкес келуін тексеру үшін жұмыс істеп жатқан серіктестерге ревизия жүргізу.
  2. Бэк-офис функцияларын, әсіресе, мемлекеттік корпорацияның инфрақұрылымын жеке меншікке беруге жол бермеу.
  3. ХҚКО айналасында әлі де шоғырланып жатқан «көмекшілердің» қызметін реттеуді күшейту.
  4. Қазіргі ХҚКО санына нұқсан келтірмей және қысқартпай, серіктестік желісін дамыту. Бұл ретте қабылдау және құжаттарды беру пункттерімен ауылдық елді мекендерді қамтамасыз ету міндетін шешуге баса назар аудару, мегаполистердегі коммерциялық жобаларға құмартпау.
  5. Құқықтық актілерде серіктес ұйымдардың жеке деректерді қорғау бойынша талаптарын және жауапкершілігін күшейту. Қолжетімділікті бақылау сервистерін пайдалану, деректерді өңдеуге келісім алу және жеке деректерді қорғаудың мемлекеттік бақылауын қамтамасыз ету. Жергілікті жерде мұндай бақылауды заңнамадағы соңғы өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар да жүзеге асыра алады.
  6. ХҚКО-ның жалған серіктестерімен байланысты алаяқтық схемалардың алдын алу үшін ресми жасалған келісімдер мен серіктестік кеңселері туралы ақпаратты азаматтарға барынша жариялы және қолжетімді ету, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Өз тарапымыздан, фракция мемлекеттік корпорация қызметінің заң талаптарына сәйкес дұрыс және қауіпсіз қолданылуын бақылауда ұстайтын болады.

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Е. Смышляева

48