Алтайдың арлы азаматы: ШҚО жаңа әкіміне жүктелген міндеттің жүгі ауыр

ШҚО жуырда әкім болып барған Нұрымбет Сақтағанов облыс орталығы ғана емес, шалғай шекарадағы аудандардың ахуалын да жақсы біледі. Өйткені, ол облыста бұған дейінде жауапты қызмет атқарып, бірнеше ауданның әкімі болды. Алтайлықтармен тіл табысқан Сақтағанов инвестор тартудың жолдарын жақсы меңгерген менеджер, сан салада жұмыс істей алатын білікті маман екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған, деп хабарлайды Qazaq Today агенттігі.

                                                                             Инвестор тарту тәсілі

Нұрымбет Аманұлы – шығыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан тәжірибелі басшы. Оған мысал ретінде, ШҚО-да қаржыландырудың баламалы құралдары арқылы 143 жобаның жұзеге асқанын айтуға болады. Бизнес саласының белсенділігі экономиканың тұрақты өсуіне тікелей әсер етеді, ал бұл тұрғыда нақты секторды несиелендіру айтарлықтай әлеуетке ие.

Шығыс Қазақстан облысында нақты сектор мен шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін балама қаржыландыру көздері қарастырылып, оның жобаның жүзеге асуына тікелей Сақтағанов ат салысты. Бұл жұмыстарды ол облыс басшысы болғанға дейін жүзеге асырған. Ол кезде тек шағын және орта бизнесті қаржыландыруға 1,6 миллиард теңге тартылды. Мұның бәрі мемлекеттік қызметтегі көпжылдық тәжірибесі, жұмыстың жай-жапсарын білетін жанкештілігі, жоспарлау қабілетінің жоғары екендігін көрсетеді.

Ол ШҚО әкімі болғанға дейін оншақты жауапты лауазымды қызметтерді атқарып, ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы ретінде көзге түсті. Әсіресе қала, аудандарды басқарған кезеңде инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары ретінде өңірдің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және әлеуметтік салаларын дамытуға біраз ықпал етті.

                                                                       Басты жетістігі — Бұқтырма көпірінің құрылысын бітіру

Ал ШҚО әкімінің бірінші орынбасары кезінде талай жыл елді сарсаңға салған Бұқтырма көпірінің ашылуына ықпал етті. Нұрымбет Аманұлы, стратегиялық маңызды зор жоба саналған көпірдің жұмысына жауапты болды. Оның облыс пен қалада істеген жұмысынан бөлек, ауылдық жерлерде де атқарған ісі атап өтсе аз емес. Әсіресе қазірдің өзінде ол ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп, шалғай елді мекендердің жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр.

                                                                    Шындыққа келмейтін кереғар пікір тарту кімге керек?

Қысыр сөзді, қыңыр мінезді адамдар алып қашпа қауесетті де таратып үлгерді. Нұрымбет Сақтағановты бұрынғы әкім Даниал Ахметовпен «ым-жымы бір» деген сынды шындыққа жанаспас сөз таратып, елге жақпаған экс-әкіммен байланыстырып, оның «адамы» деген алып-қашпа әңгімелер таратып жатқандар да бар. Алайда бұл пікірлердің еш негізі жоқ. Оны білу үшін жай ғана ғаламтор бетіне қос әкімнің еңбек еткен жылдарын қараудың өзі жеткілікті. Себебі, Нұрымбет Сақтағанов 2012-2015 жылдары ШҚО әкімінің орынбасары болса, 2014 жылы Даниал Ахметов өңірге басшы болып тағайындалды. Бұдан бөлек Даниал Кенжетайұлы облыс әкімі лауазымынан Президенттің тікелей тапсырмасын босағаннан кейін барып, Нұрымбет Аманұлы 2023 жылы қайтадан ШҚО әкімінің орынбасары болған. Оның үстіне Сақтағановтың саяси «ұстазы» басқа. Ол өмірін ел мүддесіне арнаған Бердібек Сапарбаевпен бірге ұзақ жыл жұмыс істеп, оның тәжірибесін де, тәрбиесін де көрді.

                                                                  Облыс әкімі көп баланың әкесі

Фейсбук пен инстаграм парақшалардағы мәліметтерге көз жүгіртсек, Шығыс Қазақстан облысының әкімі көпбалалы әке. Жасы 55-те. Ол Қызылорда педагогикалық институтын, МЭСА дистанциялық білім беру институтын, МЭСА Қызылорда экономика, статистика және ақпарат институтын оқыған. Бухгалтер, заңгерлік мамандықтарын меңгерген. Еңбек жолын қарапайым қазақ тілінің мұғалімі болып бастаған. 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сыртқы инвестиция көздерін жоспарлау бөлімі басшысы, аталған министрдің кеңесшісі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі миграция комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет етті.

Сондай-ақ, 2012-2015 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Ұлан ауданының және Семей қаласының әкімі қызметтерін атқарған. 2022 жылдың маусым айына дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі лауазымында еңбек етті.

2022 жылдың 24 маусымынан бастап осы уақытқа дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды. Сақтағанов биылғы жылдың 17 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.
Нұрымбет Сақтағанов – Шығыс Қазақстан облысын дамытуға бар күшін салып жүргені жұртқа аян.
Шығыстың жағдайын жақсы білетін жаңа әкімге Президент те, халық та сенім артып отыр.