Бишімбаевтың сотына журналистер қайтадан кіре алатын болды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Бүгінгі істе судья Айжан Құлбаева журналистерді қайтадан сот залына кіргізу немесе кіргізбеу мәселесін көтерген. Судьяның айтуынша, алқа билердің түрі көрсетілген видеоны КТК арнасы таратқан.
“Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ескерту жасалды”, — деді судья.
Осыған байланысты судья журналистерді сот залына кіргізу мәселесі бойынша тараптардың пікірін білген. Айыптау тарапы, жәбірленуші тарап та бұған қарсы болмады. тек Бишімбаевтың бір адвокаты ғана журналистердің сот залына кіруіне қарсы шықты. Сотталушы Байжанов та, Бишімбаевтың өзі де журналистерді кіргізуге қарсы болмады.
Ақыры судья сот залына журналистерді кіргізу жөнінде шешім қабылдады. Бүгінгі сот барысында судья бірнеше рет үзіліс жасады.
Еске салсақ, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министрдің қылмыстық әрекеттерін толық атйып берген еді. Бұл оқиға резонанс тудырды.
Бишімбаев өзі болса, айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрады. Оған «қинау» (110-баптың 2-бөлігі) және «аса қатігездікпен адам өлтіру» (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы «Гастро-орталық» директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша «қылмысты жасырды» деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.