«Алматы Қала жарық» МКК қаланың сыртқы жарығын қалпына келтіріп, жарықсыз қалған көшелерді жарықтандыру үшін көп еңбектеніп жатыр. Сыртқы жарықты жөндеу жұмысы кезінде, 2005 жылдың 4 айында 12 мың шам ауыстырылып, 450 бағана мен 110 шақырым кабель тартылған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.
Алматы әкімінің тасырмасы бойынша, 2025 жылы жаңадан 15 мыңнан астам көше шамы қойылып, аудандардағы жарықтандыру мәселесі едәуір жақсарады. Жаяу жүргіншілер қатынайтын жерлерде, парктер мен жолдың жиегіне жаяу жүргіншілерге қауіпсіз әрі қолайлы болуы үшін 5700 аспалы шам да орнатқан. Бұдан бөлек, Алматыдағы ең белгілі 70 нысанға жарық беріп безендіру жұмысы да жоспарланып отыр.
Биыл жарықсыз қалған жерлерге тағы 1200 сыртқы жарық желісін тартуды жоспарлаған. Бұл 2024 жылғымен салыстырғанда 10 есе көп жұмыс. Жарықтандыру жүйесін жаңалаудың аясында, биылғы наурыз айында басты-басты 7 көшедегі (Әл-Фараби, Төле би, Сейфуллин, Абай, Назарбаев, Әуезов, Наурызбай батыр) ұзындығы 60 шақырымнан асатын желіні ауыстыру жұмысы басталды. Осы шаруаның аясында, 3 мыңдай көше шамы ауыстырылып, жол жиегіндегі жаяу жүргіншілерге арналған мыңнан астам бағана қоса ауыспақ. Бұл – аталған аумақтар 2 есе жарықтау болады деген сөз.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында 28 панфиловшылар атындағы парк пен оның маңайы 100 пайызға жарықпен қамтамасыз етілді. Парктің жолы мен аллеясындағы бүлінген 45 шам пен шырақ ауысты. Армия үйінің маңына жарық беретін 11 үлкен бағана мен жаяу жүргіншілердің жолына 22 аспалы шам орнатылды. Ғимараттың қасбетіне 30 прожектор сәулет мәнерімен жарық шашып тұр.
Алматылықтардың арыз-өтінішіне құлақ асып, (Мақатаевтан Құрманғазыға дейін) Кіші Алматы өзенін жағалай орналасқан 5 шақырымдай болатын кабель желісін ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ол жұмыс мамыр айында басталған.
Қаланың орталығындағы сыртқы жарықты жетілдіру үшін, ағаштың бұтағының арасынан тысқа шығып тұратын 4 метрлік тірек орнатылды. Жолды жаппас үшін, бұтақтарды қайта-қайта кесіп әуре болмайды енді. Абай даңғылының бойына осындай 87, Абылай ханның бойына 181, Наурызбай батыр көшесіне 51 тірек орнатылған. Оларды алда басқа аудандарға да орнатпақ.
Қаладағы жарығы жоқ, жарық жетіспейтін көшелер де анықталып жатыр. Мәселен, Әуезов пен Байзақов көшесінде (Төле биден Гоголь көшесіне дейін, Гогольдан Райымбекке дейінгі аралық) жолдың шығыс жақ бетіне ғана жарық берілсе, жолдың жиегінде мүлдем жарық болмаған. «Алматы Қала жарықтың» күшімен осы арадағы жол мен жолдың жиегін жарықтандырып тұратын қосымша 100 шырақ қойылды.
Жетісу ауданында Үлкен Алматы өзенін жағалай 1,3 шақырым болатын жаңа желі салынып жатыр. Мамыр айының соңына таман осында 34 бағана қойылып, жарық берілмек. Бұл жерде бұрын-соңды жарық болмаған.
Дулати көшесін жағалай орналасқан көлік тұрағына 32 бағана қойылды. Мұнда да бұрыннан бері жарық болмапты.
Есентай өзенінің жағасындағы (Әл-Фарабимен қиылысқан тұсындағы) алаңқайдағы кабель желісі де қайта іске қосылды. Қала тұрғындары осы жерге жарық жетіспейтінін айтып ақпан айынан бері шағымданып келе жатқан. «Алматы Қала Жарық» жер астындағы кабельдің үзілген тұсын тауып, қайта жөндегенімен, ол ауық-ауық үзіліп қалатын. Соңында 400 метр кабель түгел ауыстырылып, тұрғындар енді жарықсыз қалмайтын болды.
Сыртқы жарықты қалпына келтіру жұмыстары аудан әкімдіктермен келісіп істеліп жатқанын айта кеткіміз келеді.