Алматылық қажылар Меккеге ұша алмай, ақшасын қайтара алмай жүр

Қажылыққа баратын 300-ден аса адам «Кәусар тревел» компаниясына алданған Қажылық пен умраға апаратын «Кәусар тревел» туристік компаниясына қатысты тергеу басталды. Осыдан бір апта бұрын Шымкентте, бүгін Алматыда бір топ азамат аталмыш турфирмаға алдандық деп арыз жазған. Бұл туралы КТК арнасы жазды.

Жұрттың есебінше, компаниядан 300-ден аса адам ақшасын ала алмай сабылып жүр. Басым бөлігінің Мекке мен Мәдинаға ұшу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Енді өзгелері турфирманың былығы көп екенін біліп, қомақты қаражатын қайтарып беруді талап етіп отыр.

Былтыр 73 жастағы Жасқайрат Әмірғалиев жұбайымен жұбын жазбағанына 45 жыл толыпты. Соның құрметіне ұл-қыздары 1миллион 200 мың теңгеге Умраға жолдама сатып әперген. Мерзім бойынша екеуі қазір киелі жерде болуы керек еді. Бірақ ақсақалдың турфирма кеңсесінің алдында айналшақтап жүргеніне бір аптаға жеткен.   

Жасқайрат Әмірғалиев, Ақтөбе тұрғыны:

– Ақша да, жолдама да, қажылық та жоқ. Далада қалдық. Бастығы Медет Мекебай деген жігіт екен, 27 жаста. Сол кісінің өзіне жолықтым, айттым. «Ертең ақшаңыз түседі, болады». Сонымен әлі жүр. Миыма еш қондыра алмаймын. Себеп не? Бұлар енді Алланың жолында жүрген адамдар, сүттен ақ, судан таза деп есептейтін едім. Қазір енді көңілім қатты қалып отыр.

Жұрттың есебінше, «Кәусар тревел» турфирмасына алданғандар саны 300-ден асады. Әрқайсысы жолдаманы 500-600 мың теңгенің төңірегінде сатып алыпты. Бәріне бірдей осындай төленді деген бір жапырақ қағаз ғана ұстатқан.

Елмұрат Бимұрзаев, Алматы тұрғыны:

– Біз үш билет алғанбыз. Жолдас балам үшеу алды. Жалпы алты билет. Мен анама, жеңгеме, қызыма алғанмын. 23-і ұшу керек болған. 23 күні кеңсесіне келдік. Ол кісі: «10 миллион бар, соны таратам» деп айтты. Ақшасын қайтарсын дегендер ЖСН берсін деді. ЖСН бердік. ақшаны қайтармады.

Даудың басы осыдан бір апта бұрын Шымкент қаласынан басталған. Онда дәл осы «Кәусар тревел» компаниясына алдандық деген жұрт ақшасын  қайтарып беруді талап етіп кеңсесінде шу шығарған еді. Меккеге бармақшы болған бір топ алматылықтар алданғанын сол кезде бір-ақ түсінген. Ұшу мерзімі келмесе де, олар төлеген қомақты қаражатын қайтарып беруді талап етіп отыр. Арасында тіпті студенттер де бар.

Абзал Айтмолданов, студент:

– Ақшамды қайтарып алуға келген болатынмын. Бірақ нәтиже жоқ. Медет деген компанияның басшысы үш күн бұрын уәде берген болатын. «28-і күні 100 пайыз ұшасыздар, бір күн бұрын визаны жібереміз, оның алдында билеттің суретін жібереміз, Алматыдан  ұшасыздар» деген болатын. Нәтижесі осы, құралақан қалдырып, сан соқтырып кетті.

«Кәусар тревелдің» әлеуметтік желіде тұрған нөміріне қоңырау шалып көрдік. Өшірулі. Сөйтсе компания ешбір жерде тіркелмеген, не лицензиясы жоқ.

Инна Рей, «Туристік қамқор» қорының төрағасы:

– Умра мен қажылыққа апаратын компаниялар да «Туристік қамқор» қорының тізімінде тұрады. Осыған назар аудару керек. Ал «Кәусар тревел» компаниясы тізімде жоқ. Тіркелмеген. Тұрғындар қызмет көрсетудегі заңбұзушылыққа тап болған сияқты. Бұл компанияға жүгінер алдында туристік кодты талап етуіңіз керек еді.

Алданғанын кеш түсінген жұрт полицейлерге жаппай арыз жазды. Бүгіннен бастап тәртіп сақшылары аталмыш компанияға қатысты тергеуді бастады.

Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:

– Алматы ПД, Медеу ауданы ПБна бір күн бұрын екі адам арызданса, бүгін тағы сегіз жәбірленуші арыз жазған. Мән-жайы жан-жақты зерделеніп, ҚР заңнамасына сәйкес, одан әрі шара қолданыла отырып, құқықтық баға берілетін болады.

Сайып келгенде мамандар кез келген жолдаманы сатып алар алдында туристік фирманы жіті тексерген абзал деп отыр. Өйткені қазір қарапайым демалысқа шетелге шығаратын компаниялар түгілі, киелі жерге апаратын турагенттіктің өзі бір пәсте сан соқтырып кетуі мүмкін.