Алматылық дәрігер ғалым ауыл адамдарының 50 млн теңгесін алдап алған

Алматыда университеттің профессоры, ғалым әйел сенімге кіру арқылы ауыл адамдарының 50 млн теңгесін алып кеткен. Алаяқтық әрекетпен ғалым әйелдің күйеуіде айналысқан. Ғалым емес, залым екенін кеш білдік дейді күйінген тұрғындар. Шалғай ауылдағы аңғал адамдардың атынан несие рәсімдеген топтың ішінде банк қызметкерлері де бар, деп хабарлайды Qazaq.Today ақпараттық агенттігінің тілшісі. Қолдарына көк тиын алмаса да банк алдында берешек болып шыға келген Түркістан облысының тұрғындары 4 жылдан бері әділдік іздеп келеді. Тіптен ауыл адамдары өздерінің қай банкке несие алуға өтінім бергендерін де соңғы сәтке дейін білмеген. Төрт жылға созылған текетірестен соң бір қап ақшаны нотариустың көзінше алып кеткен ғалым әйелдің күйеуі ғана сотталды. Бірақ, жоқ іздеген жандарға келген шығынды кімнің қайтаратынын сот сол қалпы анықтамады. Жәбірленушілер тергеуге де, сот үкіміне де разы емес. Әділдік іздеген жетісайлық адамдарға келген шығын көлемі 300 млн теңгеден асады. Өйткені, құжат жасаумен айналысқан топ өзгенің жылжымайтын мүлкінде кепілге қойып жіберген.

«2018 жылы Түркістан облысының Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін зауыт ашу үшін 1 млн доллардың инвесторын іздедік. Сол кезде біз «инвесторларды» Алматыдан таптық. Қазір сотталып жатқан осы Бекмұхамбет Жамбылов түркиялық «Татсе Финанс» инвест компаниясының  Қазақстандағы өкілімін деп таныстырды.  түркиялық компанияның атынан құжаттарды көрсетті. Біздің бизнес жобамызбен де танысып, мақұлдады. Өздерін түркиялық компаниямен серіктеспіз деп бізді сендірді. Инвестордан қаржы алу үшін, кәсіпкердің депозитінде ақшасы немесе жылжымайтын мүлік, активтері болу керек екен. Олар қаржылық тұрақтылығы жақсы деп көрсету үшін  50 млн теңге тұру керек деді. ондай ақша жоқ болғандықтан банктен алатын болып шешті. Біз ешқандай банкке өтініш бермесекте олар біздің атымыздан бес күннің ішінде несие рәсімдеп, дайындап қойған. Бізді құжатқа қол қойыңдар деп шақырғанда, кепілхат үшін емес, кассадан ақша алу үшін келгенімізді бірақ білдік», — дейді Түркістан облысының тұрғыны, жәбірленуші Досжан Үсенов.

Бір топ алаяққа сенген Досжан Алматының Ақбұлақ ауданындағы 37 бөлмесі бар үш қабатты жатақханасын көрсеткен. Бірақ болашақ «бизнес серіктестеріне» ғимарат құжатының түпнұсқасын бермеседе, банктен ірі көлемде ақша шығаруға мүмкіндігі бар топ, жатақхананы көшірме құжатымен-ақ кепілге қоя салған. Ауылдан бизнес ашамыз деп жүріп, алаяқтарға ұрынған кәсіпкер «БанкКассаНовадан» өздерінің атына рәсімделген 50 млн теңгені әпкесі екеуі санап алып, инвесторлардың келісім шарт жасау ұсынысымен нотариусқа барған. Банктен ақшаны шығаруға көмектескен, әрі түркиялық компанияның «серіктесі» саналған Жамбылов болса, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор әйелі екеуі нотариустың көзінше бір қап ақшаны санап алып кеткен. Жәбірленішілер өздерінің кепілхат жасату үшін көшірмелерді бергенін,  несиеге рәсімдеуге банкке бармағандарын айтады. Соңғы күні шақырып алған да кассадан ақшаны  алыңдар дегенде аттарына несие рәсімделгенін бір-ақ білген. Енді сол несиені кім қалай рәсімдегені тергеу кезінде анықталған. Бірақ тергеуші істі таныстырмай, сотқа жібере салған. Ал сот екі процестен соң үкім шығар салды дейді жәбірленушілер.

«Бұл жерде алдын ала сөз байласқан бір топ адам бар. Оны кейін тергеу кезінде білдік. Несие рәсімдеудің басты фигуранты Қаламқас Әміржанқызы, ол қызметі үшін Жамбыловтан әлгі бізге шыққан ақшаның 7 млн теңгесін алған. Роза Айдарханова жалған құжаттарды жасап, банк қызметкрелері арқылы қысқа мерзімде несиенің шығуын ұйымдастырған. «БанкКассаНова» филиалының Бадыгулов, Макаренко, Еспенбетов, Лапшин, Албанханов сынды өзгеде бір топ қызметкерлері несиеге өтініш берушіні іздемей -ақ, кепілдегі мүлікті түпнұсқа құжатынсыз-ақ қомақты ақшаны алуға дайындап қойған. Біз инвесткомпанияға алғашқы жарналық ақшаны нотариустың келісімшарты арқылы өткізіп береміз, сосын олар жобаны бастауға қажетті қаржыны құяды, бірлесіп жұмыс істейміз деген сенімде, еш арам ойсыз, күдіксіз жүрдік. Сөйтсек бұл адамдардың мақсат-мүддесі мүлдем басқа болған екен. Жымысқы жоспар құрып, біздің атымыздан шығарған ақшаны өзара бөліскен адамдардың саны оннан асады. Нотариусте жалған құжат жасап, келісімшартты түпнұсқалық кітапшаға тіркетпей, көзбояушылық әрекеттерге барған. Біз 50 млн теңгені Жамбылов пен оның ғалым әйелі, жеке емханасы бар, университетте сабақ беретін Бэлла Жамбыловаға санап бердік. Екеуі ақшаны көтеріп алып кетті. Содан кейін инвесторда, ақша да жоқ болды. Біз ақшаны алдап, қолымыздан нотариустың көзінше санап алып кеткен Бэлла Жамбылованы, осы іске қатысы бар оның айналасындағы адамдардың да жауапқа тартылуын талап етеміз. Қазір алмаған ақша үшін ай сайын миллиондап банкке ақша төлеуге мәжбүрмін. Шамамда жоқ, , қаражатымда сарқылды. Соңғы үмітім апелляцияда, одан нәтиже шықпаса өзімді өртеймін», — деді Үсенов.

Банк несиені уақытылы төлемеген борышкерді сотқа беріп, 57 млн теңге өндіруді және кепілдегі мүлікті алып қоюды талап еткен. Инвестор тұрмақ, өздерін қарызға батырып, тайып тұрған бір топ адамды таппай қалған жетісайлық кәсіпкер тақырға отырғанын сол кезде бірақ білген. Жәбірленушілер арыз жазғанмен, полиция тергеуді «қылмыстық құрамның болмауына байланысты» бірнеше рет тоқтатып тастапты. Тек арада төрт жыл өткен соң ғана 67 жастағы алаяқ «инвестор» жазаға тартылды.

«Сот Қазақстан Республикасының атынан үкімет етті: ҚК 190-бабы (Алаяқтық) 2 тармағының 4 бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін Жамбылов Бекмұхамбет Төлебекұлын кінәлі деп тауып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін. 64 мың теңге мемлекет пайдасына өндірілсін. Зардап шегушінің пайдасына сотталушыдан 20 АЕК ( 50 мың 500 тг) көлемінде ақша өндірілсін», — деді Алматы қаласы Әуезов аудандық қылмыстық істер жөніндегі соттың төрағасы Жанат Әбенова.

Бірақ жәбірленуші тарап соттың үкімімен мүлдем келіспейді. Олар бір адамды соттау арқылы бүкіл қылмыстық топтың әрекетін бүркемелеп отыр деп санайды. Ал бума-бума ақшаны алып кеткен доцент, медицина ғылымдарының кандидаты Бэлла Жамбылова шулы іс жалғасқанда былтыр ғана күйеуімен ажырасып кетіпті. Емханада дәрігер, университетте беделді оқытушы саналатын Бэлла ақшаны көргенін, нотариуске барып қол қойғанын айтқанмен, өздерінің көліктеріндегі қаржының қайда кеткенін «білмейтінін» айтты. Оқиғаның жай жапсарын жариялауға келіспеген профессор даулы істі өзіне жабылған «жала» деп санайтынын айтты. Жәбірленушілер дәл осы ерлі-зайыпты ақшамы талан-таражыға салды деп санайды. Әділдік іздеуден шаршаған жәбірленуші тарап оқиғаның өзге қатысушыларымен бірге ғалым әйелді жауапқа тартқызбайынша  тоқтамаймыз деп отыр. Ауыл адамдары осыншама күрделі алаяқтық әрекетті жұмыссыз, зейнеткер Жамбылов жалғыз ұйымдастырды дегенге мүлдем сенбейді.

«Біз үкіммен келіспейміз. Өйткені тергеу барысында қылмыстық процессуалдық істерде жіберген көптеген қателіктер бар. ҚР ҚК 24 бабы бұзылған, жан-жақты тергеу жүргізілмегендіктен осы іске қатысы бар тұлғалар жауапкершілікке тартылмады. Бұл ауыр қылмыс болып саналады, себебі бір топ адам алдын ала сөз байласып жасаған. Біз оныда сотқа айтқанмен, судья қаперге алмады. Біз осымен тоқтап қалмаймыз, күресіміз жалғасады. Заңды және әділетті шешім шығару керек, апелляциялық шағым береміз. Тергеумен, сотпен жіберілген қателіктерді атап көрсетеміз. Алдын ала тергеу және сот тергеуі де дұрыс жүргізілмеді. Несие алу барысында банк талабы бойынша белгілі бір құжаттар жиналуы тиіс. Оны сотталушының қасындағы екі адам бәрін жалған құжат арқылы дайындаған. Бірақ бұл істе жалған құжат жасағандар, алаяқтыққа жоспар құрған адамдар да жазаға тартылмады. Ақшаны алып кеткен екінші тұлға нақты белгілі болса да жазаланбады. Ал жәбірленушілер құжаттардың өздерінің сыртынан жасалып жатқанын білгенде жоқ. Осы істегі тағы бір маңызды ескеретін жайт, әлі несие рәсімдеуге жасы жетпеген Абылай есімді студенттің атынан да құжаттарды жасағаны», — деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Азизбек Иманбердиев.