Алматыда шұғыл медициналық жәрдем ауруханасының дәрігерлері ер адамның асқазанына сирек ота жасап, пациенттің өмірін сақтап қалды. Құны 1 миллион теңгеден басталып, 3 миллионға дейін жетіп жығылатын операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды, деп хабарлайды Qazaq.today.
Шұғыл медициналық жәрдем ауруханасы шаһардың екі миллионнан астам халқына тәулік бойы медициналық қызмет көрсететін ірі емдеу мекемесі. Инфаркт немесе инсульт алғандар, жол апатынан жарақаттанғандар, күйіп қалу немесе улану сынды ауыр жағдайларға тап болған азаматтар осында жеткізіледі.
Аурухана мәліметіне сүйенсек, 35 жастағы еркек стационарға геморрагиялық есеңгіреу және іштен қан кету белгілерімен аса ауыр халде түскен. Айтуынша, бұған дейін панкреонекроз дертінің асқынуына байланысты бірнеше рет ауруханада жатып емделген.
Хирург маман Сұлтан Илиев өзінің ондаған жылдық тәжірибесінде мұндай жағдайлар сирек болғанын айтады.
«Науқас ауруханаға жеткізілгенде есін бір біліп, бір білмей, есеңгіреп жатты, өліп кету қаупі жоғары болатын. Аса көп мөлшерде қан кеткендіктен гемоглобин мөлшері төмендеп кеткен. Пациент өмірін сақтап қалу мақсатында шұғыл түрде диагностикалық зерттеу жүргізіліп, қан тамыры қабырғаларының зақымдануы салдарынан, жалған аневризма пайда болғаны анықталды», — дейді Сұлтан Илиев.
Консилиум нәтижесінде шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданды.
«Біз асқазанның сол жақ артериясына рентгенді-эгдоваскулярлы эмболизация жасауға бел будық. Яғни, ешбір тіліксіз және наркозсыз пациенттің ағзасына жуан сандағы күретамыр арқылы арнайы катетер енгізіледі. Содан соң зақымданған тамыр нығыздалып «байланады», — дейді дәрігер.
Қазір пациенттің жағдайы жақсы, ол 4-ші күні ауруханадан шықты.
Бір айта кетерлігі, елімізде 2020 жылдан бастап шұғыл медициналық көмектің өзі сақтандырылған азаматтарға МӘМС есебенінен көрсетіліп келеді. Ал, сақтандырылмаған тұрғындарға көрсетіліп жатқан шұғыл көмек ақысы мемлекеттік тапсырыс қаражатынан алынады.