Алматыда жыл басынан бері жаңадан 4390 кәсіпкер тіркелген. Шағын және орта бизнеспен айналысушылардың 90 пайыздан астамы құжаттарды онлайн өтінім арқылы ашқызған. «Азаматтарға арналған үкімет» МК шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаларды есептік тіркеу бойынша қашықтықтан автоматты түрде қызмет көрсете береді. Ол үшін электронды үкімет веб-порталында электрондық хабарлама толтырылса жеткілікті.
«ЖШС ашу үшін және жаңа іс бастаған кәсіпкерге жарғы қажет емес, тіркеу жарнасын төлеудің немесе салық органына барудың да қажеті жоқ. Тек компьютер мен электрондық цифрлық қолтаңбасы болса жеткілікті. egov.kz сайтында ЖШС тіркеу нұсқауларын орындаса, жарты сағатқа жетпей нәтижесі шығады», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы қаласы филиалының директоры Абдурасул Кулдашов.
Шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға құрылтайшы (құрылтайшылар) ҚР ӘМ белгілеген нысан бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама береді. Электрондық хабарлама электрондық үкімет веб-порталында толтырылады және беріледі.
«Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкілдіктерінің жарғылары (ережелері) мемлекеттік тіркеу процесінде ұсынылмайды. Жүйе ақпаратты өңдеп, ЖШС-нің тіркелгендігі жайлы анықтаманы 30 минутта (максимум) береді. Егер портал жақсы жұмыс істесе, анықтама 10 минутта дайын болады», — деді Филиал директоры Абдурасул Мақсұдұлы.
Жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша тіркелген 4390 заңды тұлғаның 4232-і онлайн тіркелген. Тек 158-і ХҚО-ларға келіп өтініш берген. Ал, қайта тіркеуге өтініш берген 3061 заңды тұлғаның 2907-і онлайн, 154-і ХҚО арқылы құжаттарын рәсімдеген.
«Көрсетілетін мемлекеттік қызмет нәтижесі egov.kz порталындағы жеке кабинетте әрдайым қолжетімді. Тіркелгенін растайтын құжаттарды алу үшін мемлекеттік корпорацияға жүгінудің қажеті жоқ. Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік қызметтердің 96%-ын ХҚО-ға келмей-ақ алуға болатынын еске салады — олар eGov мобильдік қосымшасы, Egovkzbot2.0 Telegram-бот және Egov.kz. электрондық үкімет порталы арқылы онлайн қолжетімді», -деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.