Алматыда жарты миллионнан астам адам міндетті сақтандырудан тыс қалған

Қордың Алматы қалалық филиалы сарапшыларының айтуларынша, медициналық көмекті толыққанды пайдалану үшін қазірден бастап сақтандыру статусына ие болуды ойластырған жөн. Себебі сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті арқылы көптеген қызметтерді тегін пайдалана алады.

Жалдамалы жұмысшылар

Сіз егер ресми жұмыс істейтін болсаңыз жұмыс беруші тарапынан жасалған төлемдер жайлы толық ақпаратты Egov порталынан ала аласыз. Ол үшін «Медициналық қызметтерді тұтынушы және МӘМС жүйесіне аударылған аударымдар мен (немесе) жарналар туралы ақпарат беру» деп аталатын онлайн-қызмет тетігін басасыз.

Бірінші мысал:

Жұмысшы бір мекемеде 2022 жылдан бері еңбек етеді. Ай сайын жалақысынан салықтың барлық түрі, соның ішінде МӘМС жарнасы да ұсталады. Ендеше оның статусы «сақтандырылған» болуы шарт. Бірақ мекеме есепшісі 2024 жыл басында белгілі бір себептермен оның атына екі айға жарна аудармағандықтан ол сақтандыру статусынан айырылып қалды. Мұндай жағдайда жұмыс беруші сол екі айдың берешегін өтеуі тиіс.

Екінші мысал:

Қызметкер қазіргі жұмыс орнына 2024 жылдың қаңтарында орналасты. Яғни, МӘМС жарнасы мен аударымдары да сол кезден бастап аударыла бастады. Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы тексерген кезде ол өзінің «сақтандырылмағанын» білді. Бұған не себеп? Себебі ол жұмысқа тұрғанға дейін ешқандай жарна аудармаған болатын. Заң бойынша, жұмыс істейтін азаматтар «сақтандырылған» болуы үшін соңғы 12 айға төлем жасалған болуы тиіс. Яғни, Айгүл осы айда статусқа ие болу үшін былтырғы тамыз-желтоқсан айлары үшін дербес төлеуші ретінде жарна аударуы тиіс. 2023 жылға белгіленген жарна мөлшері 3500 тг.

АҚК бойынша еңбек ететіндер

Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететіндер МӘМС жүйесіндегі статусын өз бетінше қадағалап отырғаны абзал. Себебі ол үшін жарнаны салық агенті, яғни жұмыс беруші төлейді. Жарна АҚК негізінде еңбек ететін азаматтың жалақысынан ұсталады, жарна келісімшарт бойынша қызмет көрсеткен мерзім үшін ғана аударылады.
Мысал:  Әлібек 2024 жылы наурыз-шілде аралығында АҚК негізінде еңбек етті. Осы уақыт ішінде салық агенті оның жалақысынан 2% ұстап Қорға аударып отырды. Бірақ «сақтандырылған» статусын алу үшін өткен 12 ай ішінде жұмыс істемеген айлар үшін дербес төлеуші ретінде жарна аударуы тиіс. 2023 жылға белгіленген жарна мөлшері 3500 тг.

Жеке кәсіпкерлер

Көптеген жеке кәсіпкерлер (ЖК) арасында: «Егер ЖК нысаны табыс таппаса МӘМС жарнасын төлеудің қажеті жоқ» деген жаңсақ пікір қалыптасқан.

Сақтандыру туралы заң бойынша Жеке кәсіпкерлер табысы болмаса да МӘМС жарнасын төлеуге міндеттелген (жарна мөлшері 1,4 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5% немесе 2024 жылы 5950 тг). Сондықтан табысы жоқ кәсіпкерлік субъектісінің жұмысын ресми түрде тоқтатқаны дұрыс. Сонда жеке кәсіпкер МӘМС жарнасын төлеуден босатылады.

“Алматылықтар арасында МӘМС енгізілгелі бері бірде-бір рет сақтандырылмаған азаматтар да бар. Олардың алдағы немесе өткен 12 айға жарна төлеу арқылы сақтандыру жүйесіне қосылуға мүмкіндігі бар”, – дейді Қор өкілдері.

Бірінші тәсіл:

Алдағы 12 айға жарна төлеп, бір жылға сақтандыру статусын алу. Осы айда жүйеге кіру үшін 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың шілдесіне дейінгі аралық үшін дербес төлеуші ретінде жарна аудару. Ай сайынғы жарна мөлшері 4250 теңгені, бір жылдың сомасы 51 мың теңгені құрайды.

Екінші тәсіл:

Өткен 12 айға жарна аудару. Бұл негізінен өткен жыл ішінде бірнеше айға жарна төлеген (жұмыс істеген) азаматтар үшін тиімді. Ондайда пациент төленбей қалған айлардың берешегін ғана жабады.
Естеріңізге сала кетсек, сақтандыру статусы мен МӘМС жүйесіне қатысты ақпаратты Қордың телеграмм арнасындағы Сақтандыру боты (https://t.me/SaqtandyryBot), fms.kz сайты мен Қолдау 24/7 мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Сонымен қатар, мәліметтер екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларына да енгізілген.