Алматы қаласында қайғылы оқиға тіркелді — қыз алып қашу мақсатында қозғалған көлік жол апатына ұшырап, салдарынан бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы ақпаратты Алматы облысының полиция департаменті растады,деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Оқиға Үлкен Алматы айналма жолында (ҮААЖ) орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша:
KIA көлігінің жүргізушісі Mercedes-Benz көлігімен соқтығысқан.
Соқтығысудан кейін Mercedes-Benz көлігі аударылып қалған.
Аталған көліктің бір жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды, ал жүргізушісі мен тағы екі жолаушы ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі таңда KIA автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, тиісті сараптамалар мен тергеу шаралары жүргізілуде.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қыз алып қашу — заңмен тыйым салынған әрекет. Адамның өміріне қауіп төндіретін мұндай әрекеттердің салдары ауыр болатынын бұл оқиға тағы бір мәрте дәлелдеді.