Төрт айда түсірілген: Алматыда «Қытайдағы Алтай қазақтары» атты деректі фильмінің премьерасы өтті

Журналист Мадина Ашилованың авторлық бағдарламасын түсіруге Қытай тарапы да қолдау көрсеткен. «Тұран ТВ» телеарнасы China News Service Шыңжаң бөлімшесімен Қытайдың Алтай аймағына бірлесіп авторлық авто-экспедиция ұйымдастырды. Қазақстандық журналистер шығыстағы Қытай-Моңғол шекарасынан, батыстағы Қазақстан мен Қытай шекарасына дейін жол жүрді.

Экспедиция қорытындысы бойынша «Қытайдағы Алтай қазақтары» туралы 43 минуттық толықметражды деректі фильм шықты.

«Осы деректі фильмді түсіру барысында қолдау көрсеткен өзіміздің консулға, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар университетінің басшыларына, «Тұран ТВ» телеарнасының басшысына алғыс білдіреміз. Биыл жазда түсіру тобымен бірге Алтайға бірге барып, осы әдемі көріністерді жарты ай бойы бірге түсірген едік. Төрт айдың ішінде осы деректі фильм сіздердің алдарыңызға жетіп отыр. Бұдан кейін де Қазақстанның көптеген ақпарат құралдарымен бірге барып, Шыңжаңда осындай деректі фильмдерді түсіріп, жақсы материалдарды көрсетеміз деген жоспарымыз бар. Көптеген жақсы мазмұнды материалдарды шығарғымыз келеді. Сіздердің Жуңгоға барып, Шыңжаңға барып көргендеріңізді қалаймыз және сіздерді қарсы аламыз», – деді China News Service Шыңжаң бөлімшесінің басшысы Ван Диньшен.

Қытай Алтайындағы тұрғындардың көбі қазақтар. Көрікті табиғат пен Алтайдың ажырамас бөлігі қазақ мәдениетінің қаймағы бұзылмаған жер. Жобаның мақсаты Қытайдағы Алтай қазақтарының шынайы мәдениетін көрсету. ҚХР-дағы этникалық қазақтардың өмірі, дәстүрі мен мәдениеті таныту.

Деректі фильмнің көрсетілімі Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінде өтті. Фильмнің тұсаукесеріне ҚХР-нан арнайы делегация келіп қатысты.

«Біздің мақсатымыз екі елдің достығын нығайтып, мәдениетін таныстыру. Әлемнің 50-ден астам елін араладым, бірақ дәл Алтайдың табиғатындай әдемі бірде бір жерді кездестірмедім. Екі елді шекара бөліп жатыр, бірақ достық пен мәдениетте шекара болмау керек. Қолдау көрсеткен  ҚХР-ның Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханымға, China News Service Шыңжаң бөлімшесінің басшыларына, «Тұран ТВ» телеарнасының басшысына алғыс айтам», – деді фильмнің авторы Мадина Ашилова.

Шеттегі қазақтардың өмірі жайлы фильмді көруге Конфуций институтының және университеттің өкілдері мен журналистер, ғалымдар, ЖОО оқытушылары, студенттері қатысты.

Деректі фильм орыс және ағылшын тілдерінде шыққан.

Фото: Әсет Құндақбаев