Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігі Мұрат Боранбаевты іздестіру туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Qazaq.today тілшісі. Белгілі кәсіпкердің ағасы Алматыдағы ақылы автотұрақтар — «А-паркинг» ісі бойынша күдікті ретінде танылған болатын. Бірнеше жыл бұрын тергеу басталған кезде оған іздеу жарияланған.
Бас прокуратураның мәліметінше, іс әлі де тергелуде.
«ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс Алматы қаласы Экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде, оған қатысты 19.01.2023 жылы күдіктіні іздестіруге байланысты сотқа дейінгі тергеу мерзімін үзу туралы шешім қабылданды», — деп хабарлады Бас прокуратура.
Өз кезегінде ҚМА Мұрат Боранбаевтың халықаралық іздеуде екенін растады.
«Экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде аса ірі көлемде мемлекеттік қаражатты жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, және Мұрат Боранбаев халықаралық іздеуге жарияланды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректері жария етуге жатпайды. Олар прокурордың рұқсатымен ғана, тергеу мүдделеріне қайшы келмесе және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбаса ғана жариялануы мүмкін», — деп хабарлады ҚМА Tengrinews.kz тілшісінің сұрауына жауап бере отырып.
Еске салайық, кәсіпкер Мұрат Боранбаев 2022 жылдың шілдесінде іздеуге жарияланған болатын. 54 жастағы Мұрат Боранбаев ақылы автотұрақтар ісі бойынша «қылмыстың негізгі ұйымдастырушысы» деп аталды.
2023 жылдың наурызында сот «Alan Parking» және «Алматы спецтехпаркинг сервис» компанияларының бұрынғы басшылары Мұхтар Базарбаев пен Марат Принбековке үкім шығарды, олар Алматыдағы автотұрақтарды «A-Parking» брендімен басқарған.
Оларға ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» және 189-бабы 4-бөлігі «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және талан-таражға салу» бойынша айып тағылды. Сотталушылар мемлекетке 436 миллион теңге көлемінде залал өтегені хабарланды.
Принбековке бес жылға бас бостандығынан айыру, ал Базарбаевқа алты жыл алты айға орташа қауіпсіздік мекемелерінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Мұрат Советаұлы Боранбаев БАҚ-та кәсіпкер Қайрат Советаұлы Боранбаевтың ағасы ретінде аталады.
Алматыда ақылы автотұрақтар 2016 жылы енгізілген. 2022 жылдың сәуірінде ақылы автотұрақтар Алматының коммуналдық меншігіне қайтарылды.