Қала күні қарсаңында Алматы әкімдігінің қолдауымен тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Ұлттық ойынды дамытуға арналған іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Іс-шара аясында 2028 мектептің оқушысы бір мезетте тоғызқұмалақ ойынын ойнап, «Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына» енді.
«Аталмыш рекордты Қазақстан Гиннес кітабының редакторы Қарлығаш Жаппар бекітіп, арнайы рекорд орнату туралы сертификатын Алматы тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұнға тапсырды.
Сондай-ақ, бүгінгі шара барысында Алматы қаласы тоғызқұмалақ ұлттық ойынның ордасы атанды. Бұл туралы Дүниежүзілік және Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов мәлімдеді.
Тоғызқұмалақ күні тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар бірнеше мемлекетте де тойланды»,- деп хабардады Алматы қалалық спорт басқармасы.
Тоғызқұмалақ ойыны Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Латвия, Румыния, Бангладеш, Түркия және Колумбия елдерінде де ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың 21-24 қыркүйегі аралығында Алматы қаласындағы ADD үстел теннисі орталығында рапид және блиц бойынша оқушылар (U-15, U-17) арасында тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтеді. Турнирге әлемнің 20 елінен 150-ден астам ойыншы қатысады. Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой дамытуға арналған ойын. 2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның шешімімен адамзаттың мәдени мұра тізіміне енгізілді. 2022 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен 9 қыркүйек — Тоғызқұмалақ күні болып бекітілді.