Алматыдағы Grand Park ойын-сауық орталығындағы «Тоқалыңа сөмке ал» деген жарнамалық ролик мегаполис тұрғындарының ашуын тудырды. Бұл оғаш видеоролик үшін ойын-сауық орталығы жазаланады. Бұл туралы Qazaq.today сайты жазды.
Айта кету керек, маркетингтік әдістің сәтсіз болғанын мойындап, Grand Park сауда үйінің Instagram парақшасынан жарнамалық ролик жойылған.
Сауда орталығы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу» бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Президент жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назым Жанғазинова жарнаманың жойылғанын айтты.
«Тоқалдықты насихаттайтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қайшы келетін жарнамаға жол берілмейді және оны тоқтату керек. Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері қала әкімшілігіне осы жарнамаға байланысты сауал жолдадық. Ұлттық комиссияның Алматы қаласы бойынша бөлімшесімен бірлесіп жұмыс жүргізілді, жарнама жойылды. «Гранд Парк» сауда үйінің әкімшілігі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады,» деп хабарлады Facebook желісінде Назым Жанғазинова.
Бұған дейін алматылықтар тоқал туралы жарнама арқылы әйелдерді қорлағаны үшін сауда орталығына айыппұл салуды сұрап наразылық білдірген еді.