Алматыда түнде құрылыс материалдары дүкені өртенді

16 сәуір, сәрсенбіге қараған түні Алматының Алатау ауданындағы Шапағат ықшамауданында орналасқан Солтүстік айналма жолы бойындағы құрылыс материалдарын сататын дүкенде өрт шықты.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру басшысы өрт аумағының үлкен болуына байланысты қауіптің жоғары дәрежесін жариялады.

«Үздіксіз су беруді қамтамасыз етіп, қатарлас орналасқан ғимараттарды қорғауға арналған арнайы құрылғыларды іске қосу арқылы өрт сөндірушілер жалынды шектеп, көрші қоймаларға таралуына жол бермей, өртті толық жойды», — деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Кеше куәгерлер Алатау ауданындағы «Алатау» сауда орталығының маңында аспанға көтерілген қою қара түтінді бейнежазбаға түсіріп алған болатын.

Еске салайық, 5 сәуірде Алматының Алатау ауданында қатты өрт болып, тұрғындардың айтуынша, үш қабатты жатақхана ғимараты жанған еді. Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі Айгерім-1 ықшамауданындағы өрттің сағат 00:21-де толығымен сөндірілгенін және тұрғын үй өртенгенін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ, бұған дейін Шығыс Қазақстандағы Приречное ауылында күнбағыс қабығы өртеніп, қатты желдің салдарынан жалын күшейе түскен. Қою түтін елді мекенге жеткендіктен, құтқарушылар 112 үйдің тұрғындарын эвакуациялаған еді.