Алматыда шешендік өнерден балалардың республикалық байқауы өтеді. Оған еліміздің 15 облысы мен 3 республикалық қаласынан іріктелген 28 оқушы қатысып, сөз сайысына түспек, -деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. IV республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы Абай атындағы мамандандырылған мектепте өтеді.
«Шешендік өнер – халқымыздың баға жетпес бай рухани мұрасы. Ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінге жеткен қасиетті қазынасы. Осы қазынамызды қазіргі және келер ұрпаққа насихаттау мен аманаттау мақсатында республикалық Шешендік байқау 2 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім жекпе-жек түріндегі шешендік сайыс. Қатысушылар жеребе арқылы тақырып таңдап жарты сағаттық жекпе-жек түріндегі шешендік сайысқа түседі. Онда көркемдік, жүйелілік, нақтылық, ой ұшқырлығы, тіл тазалығы, дауыс мәнері, сахна мәдениетін сақтауы, т,б сарапқа салынады. Ал 2-бөлімде алдын-ала берілген би-шешендердің сөзін жатқа айтудан жарысады», — деді жобаның авторы Жарқын Сәленұлы.
Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен және алғыс хаттармен марапатталады. Озып шыққан оқушыға 100 мың теңге беріледі. Шешендік сайысты өткізудің басты мақсаты, жаңа буын, жас ұрпақты тіл тазалығын сақтауға, мемлекеттік тілді мейлінше жетік білуіне ықпал ету.
«Шешендік өнер арқылы білімгерге сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгерту, жүйелі сөйлеу дағдысы мен сөйлеу шеберлігін шыңдау, сөз құндылығын бағалауға, тәрихи-мәдени және ұлттық болмысын тануға бағыттау, этномәдени тәрбие беруге, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейін қалыптастыру. 1-орын 70 000тг, 2-орын(екеу) 50 000тг, 3-орын(үшеу) 30 000 теңге, ал 5 арнайы жүлде иегері 20 000 теңгеге ие болады. Тіл, сөз өнерінің майталман мамандары қазылық жасап, қатысушыларға дәріс өтеді. Байқауға үшінші жыл қатарынан «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» демеушілік жасап келеді», -деді шешендік сөз өнері пәнінің мұғалімі.