Алматыда шағын және орта кәсіпорындарды дамытуға 44 млрд теңге бөлінді

Бүгін Алматыда бірінші рет отандық өндірушілердің «ULTTYQ ÓNIM» көрмесі өтіп жатыр. Ауқымды іс-шараға қала әкімі Ерболат Досаев қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Qazaq.today. 

«Мен сіздерді отандық өндірушілердің ULTTYQ ÓNIM көрмесіне көргеніме қуаныштымын!
Жыл сайынғы «Ulttyq Ónim» көрмесін өткізу – Алматы мен жалпы ел үшін маңызды оқиға.

Алматы – бизнес және капитал орталығы. Бүгінде шағын және орта бизнес қалалық жұмыспен қамтудың 87% (2022 жылы 998 мыңнан 868,5 мың) үлесін ала отырып, қалалық экономиканың 57,5% қалыптастырады. 2022 жылы ШОБ субъектілерінің өнім шығару көлемі 15,7 трлн теңгеге жетіп, 31,1% өсімді көрсетті.
ШОБ кәсіпкерлік бастамасының арқасында бүгінде қала ел экономикасының бестен бір бөлігін (2022 жылы 18,5%) және Қазақстанның мемлекеттік бюджеті кірістерінің төрттен бірін қамтамасыз етеді»,-деді Досаев.

Әкімнің айтуынша, биыл жыл басынан бастап мегаполисте іскерлік белсенділіктің айтарлықтай өсуі байқалады. Осы жылдың бірінші тоқсанында іскерлік белсенділік индексінің деңгейі бойынша (57,9%) Алматы Қазақстан өңірлері арасында бірінші орынға шықты. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 23,9%-ға дейін өсті.

«ШОБ дамыту әрқашан біздің назарымызда. Биыл мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында басым бағыттағы 3 мыңнан астам жобаны қолдау үшін 44 млрд.теңге бөлінді»,-деді шаһар басшысы.

Бұған дейін «ULTTYQ ÓNIM» көрмесі Қазақстанда 7 рет өкізілген.

Бүгінде көрмеге Қазақстанның барлық өңірінен экономиканың түрлі саласындағы 300-ден астам отандық компания қатысады.

 

Qazaq.today