Алматыда сүт безі обырымен ауырған науқастар саны көбейді. Биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша сүт безі обырымен Алматы қаласында 374 науқас тіркелген, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.
Сүт безі қатерлі ісік сырқаттанушылық құрылымында бірінші орында тұр. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Екінші орында – тоқ ішек обыры (235 жағдай), үшінші орында – өкпе обыры (180 жағдай), төртінші орында – асқазан ісігі (143 жағдай).
Сүт безінің қатерлі ісігі – әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік түрінің бірі. Алматыда жыл сайын 700-ге жуық жаңа жағдай анықталады, яғни бұл диагнозды күніне екі әйел алатынын білдіреді.
Алматы онкологиялық орталығының маммолог-дәрігері Наилям Ақжолованың айтуынша, сүт безін жүйелі түрде өздігінен тексеру және өзгеріс анықталған жағдайда дәрігерге бару сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудың негізгі шарасы. Белгілер: түйіршік, кеуде пішінінің өзгеруі, емізіктен бірдеңе ағу немесе терідегі өзгерістер.
«Өздіген тексеру айына бір рет бір күні, етеккір аяқталғаннан кейінгі алғашқы бірнеше күнде жүргізілуі керек. Егер кеудеде түзіліс, сыртқы көріністің өзгеруі, емізікшеден ағу, емізік немесе ареола пішінінің өзгеруі, терінің қызаруы, тері жамылғысы тартылған аймақтың пайда болуы орын алса – дәрігерге қаралу керек. Әйел атаулы ештеңе ауырмаса, дәрігерге барып, УДЗ-ге, маммографияға түсудің қажеті жоқ деген стереотипті бұзуы керек», – дейді Наилям Ақжолова.
Сүт безі қатерлі ісігінің барлық себебінің шамамен 10%-ы генетикалық өзгеріске байланысты. Алайда бұл аурудың көп жағдайы өмір салты мен репродуктивті мінез-құлық факторларына байланысты, оларды бақылауға болады.
«Метаболизм процесі медицинадағы ең үлкен проблеманың бірі. Ерте етеккір және кеш менопауза сүт безі қатерлі ісігінің қаупін екі есе арттырады. Миома, эндометриоз, аденомиоз, қант диабеті, гипотиреоз және сүт безінің қатерсіз ісіктері сияқты гинекологиялық аурулар да қауіпті арттырады. Босанбаған немесе босанғаннан кейін емізбеген әйелдерде қатерлі ісікке шалдығу қаупі 1,5 есе жоғары, жүктілікті тоқтату да қауіпті арттырады», – деп атап өтті дәрігер.
Естеріңізге сала кетейік, егер сүт безі қатерлі ісігі ерте сатысында анықталса, онда қазіргі емдеу әдістерімен оны 100% дерлік емдеуге болады.
Сіздің өміріңіз – сіздің қолыңызда! Бұл жағдайдың басым көпшілігі өмір салты факторларына, репродуктивті мінез-құлыққа және бақылауға болатын басқа аспектілерге байланысты.
Денеңізде қандай да бір өзгеріс болса, дәрігермен кеңесіп, әл-ауқатыңызды бақылаңыз. Өзіңізге қамқорлық жасау тек сіздің ғана жауапкершілік емес, сонымен қатар жақын адамдарыңызға да қамқорлық жасаудың түрі. Сіздің денсаулығыңыз – сіздің ең құнды байлығыңыз және оны елемеуге болмайды.
«18-20 жастан бастап әрбір қыз бала өз денесін күтіп, жүйелі түрде профилактикалық тексеруден өтуі керек», – деді дәрігер Ақжолова.