Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Әбілқасым Есентаев
«Отбасы банкі» мүмкіндігі шектеулі адамнан заң бойынша қарастырылмаған құжат талап еткен. Бұл туралы зағип адам Айтбек Ауылбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. сілтеме жасаған Qazaq.today агенттігі.
«Мен қазір Алматыдағы Жетісу ауданындағы «Отбасы банкінде» тұрмын. Маған қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Менің көзім көрмегендіктен, заң бойынша қарастырылмаған анықтаманы талап етіп отыр. Көзі көрмейтін бірлестіктен анықтама алып келуім керек екен. Ал олардың саны өте көп. Сонда менің аяғым болмаса, жүгіруді жақсы көретін бірлестіктен анықтама әкелуім керек пе?», — дейді Айтбек Ауылбаев.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Azattyq Ruhy тілшісі «Отбасы банктің» баспасөз қызметіне хабарласты.
«Біз бұл жағдай болған соң Алматыдағы филиалға хабарластық. Менеджерлер ақша-несие операцияларын жасағандықтан, көзі зағип жанның қасында сенімді туысы не қамқоршысы болуы керегін айтады. Себебі бұл жерде несие құжаттарына қол қойылады. Мүмкіндігі шектеулі жанның қол қойып жатқан құжаты ойындағысына сай болуын оның қасындағы адам қамтамасыз етуі керек. Сондықтан осындай жағдай болған. Біздің Алматыдағы филиал директоры сол кеңседе отыратын жеке меншік нотариус қызметкерлері арқылы Айтбек Ауылбаевқа сол жерде көмек көрсетіп, қойылған құжаттарды нотариалды реттеу қызметін ұсынды. Мәселесін кеңседе шешіп беріп, қызмет көрсетуге әрекет жасады. Алайда ол одан бас тартты. Біздің банк тарапынан барлық нұсқа ұсынылды. Қызмет алушы келіспей, бас тартып отыр», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, «Отбасы банк» мүмкіндігі шектеулі жандарды алаламайды. Маңызды құжатқа қол қою процесінде оның жанында сенімді адамның жүруіне шақырады. Себебі ақша-несие әрекеттерін жасау банк қызметкерлері үшін өте жауапты іс.