Фото: krd.ru
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматыдағы өкіліне 2-топ мүгедектігі бар арызданушы хабарласты. Оның айтуынша, ақылы автотұрақ оның үйінің жанындағы, кіреберістегі аумақта орналасқан, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Өтініш беруші денсаулығы бойынша ерекше қажеттіліктері бар адам болғандықтан, ол өз көлігін кіреберістің жанына қоюға мәжбүр, бірақ видеобот оған тұрақ ақысын төлемегені үшін автоматты түрде айыппұл салған. Оған қатысты барлығы 8 әкімшілік хаттама толтырылған.
Уәкіл өкілінің бастамасымен бұл мәселе әкімдік пен «Алматы паркинг» компаниясының қатысуымен өткен жиында талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша әкімшілік өкілдері мәселені 3-тоқсанның соңына дейін шешіп, ғимарат тұрғындары үшін көлік тұрағын тегін етуге уәде берді.
Сондай-ақ Алматы қалалық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасына арызданушының құқық бұзушылықтарын жою туралы хат жолданып, ол атқарушылық өндірістің күшін жою туралы ЖСО Республикалық палатасында да қаралды.
Қазіргі уақытта арызданушыға қатысты барлық ұйғарымдардың күші толығымен жойылып, атқарушылық іс-әрекеттер аясында бұрын өндіріп алынған сома өз шотына қайтарылды.