Алматыда мопедтердің қатысуымен орын алатын апат көбейіп кетті 

Алматыда мопед жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол апаты көбейіп кетті, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.  Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, Алматыда жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 333 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апаттың салдарынан 14 адам қаза тауып, тағы 355 адам жарақат алған.

«Мопедтерді пайдаланумен байланысты негізгі қауіптердің бірі – олардың жылдамдығы мен қуатының жоғарылығы. Мопедтің цилиндрінің көлемі 50 текше сантиметрден асатын болса және максималды жобалық жылдамдығы сағатына 50 километрден асса, ол жолда айтарлықтай қауіп төндіреді. Бұл мопедтер жол қозғалысына қатысушылардың жарақат алуына, тіпті адам өліміне әкелетін ауыр жол-көлік оқиғаларын тудыруы мүмкін», – деді Алматы қалалық ПД ІСКБ арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Дәурен Мырзаханов.

Қазіргі уақытта жастар арасында баламалы көлік түрлері кеңінен қолданылып жүр. Қала көшелерінде 50 мыңнан астам мопед жүр. Сәйкесінше, жол-көлік оқиғаларының көп орын алуына да әсерін тигізіп жатыр. Мырзахановтың айтуынша, жолдағы қайғылы оқиғалар тоқтар емес.

«Өтткен аптада Алматыда адам өліміне әкелген апат болды. Мопедтердің жұмысына байланысты мәселе бір күнде шешілмейді. Қаламыздың жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мопед иелері мен жалпы жұртшылықтың біртұтас күші қажет. Бұл жолдағы алғашқы қадам – әрбір жол қозғалысына қатысушының өз жауапкершілігін сезінуі. Мен азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамын, – деді аға инспектор.