Алматыда лифт алдында әйелін тепкілеген күдікті ұсталды

Әлеуметтік желіде Алматыда лифт алдында тұрған екі ер адамның көзінше бұрынғы күйеуі әйелін ұрып-соққан видео тараған еді. Желі қолданушылары оқиға куәгерлерінің үнсіз қарап тұрып, әйелге көмектеспегеніне ашуланған болатын.

Бұл жағдайға Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

«Ұрып-соғу фактісі бойынша іс қозғалды. Күдікті ұсталды. Ол міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жәбірленуші дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберілетін болады», – деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда лифт алдында әйелін ұрған ер адамның видеосы тараған болатын.