Алматыда екі жасар бала 105 магнитті жұтып қойған

Алматыда хирургтар екі жасар баланың асқазанынан 105 магниттік моншақ алып шықты. Бұл туралы 2025 жылдың 28 ақпанында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы (ҚДСБ) айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

2025 жылғы ақпанның 20-сында Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 2 жас 3 айлық бала бөгде зат жұтуы мүмкін деген күдікпен жеткізілді. Ата-анасының айтуынша, шамамен бір апта бұрын қонаққа барғанда, баланың металл магнитті жұтып қою мүмкіндігі болған, бірақ магниттің нақты саны белгісіз еді.

«Құрсақ қуысының рентгенографиясы барысында өлшемі 6,2×2,2 см болатын көптеген металл заттан құралған конгломерат анықталды. Бөгде затты алып тастау үшін бала шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды.»Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Әуелі мамандар бөгде затты эндоскопиялық әдіспен алуға тырысты, алайда магниттердің тығыз жиналуы кесірінен бұл мүмкін болмады. Осыған байланысты хирургиялық араласу – лапаротомия және гастротомия жасау туралы шешім қабылданды. Ота барысында баланың асқазанынан 105 магнитті моншақ алынды.

Сурет: Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Отадан кейін бала реанимация бөліміне ауыстырылып, кейін хирургия бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық.

Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы ата-аналарға ойыншықты таңдауда мұқият болудың маңызын еске салып, балалардың қауіпсіздігіне жіті назар аударуды сұрайды.