«Artsport» бойынша ақша жымқырғандардың үстінен 6 қылмыстық іс қозғалды — прокурор

Алматыда спорттық және шығармашалық үйірмелерге бөлінген мемлекеттің қаражатын жымқырғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Прокуратураның мәлімдеуінше, ақша ұрлағандардың үстінен 6 қылмыстық іс қозғауға негіз табылған. Сонымен қатар өзгелерге де аудит, тиісті сараптамалар тағайындалған. Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Алтай Бердіқұловтың сөзінше, бюджет қаражаты есебінен жалған қызметтер мен Алматы қаласында тіркелмеген балалар үшін 2,5 млрд теңгеге төлем жүргізілген.

«Мемлекеттік аудиттің алдын ала нәтижелері бойынша мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды қаржыландыру және орналастыру ережелерін бұзушылықтар анықталды. Фактілерге көшейік: жоқ ЖСН-ге берілген ваучерлердің саны 2,5 мыңнан астам, басқа өңірлерде тіркелген балалардың ваучерлер алуы 18 мыңнан астам, сонымен қатар, 4 жасқа дейінгі 150 балаға спорттық секцияларға ваучерлер беруге рұқсат етілген. Ақпараттық платформаны әзірлеушіге мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды орналастыру ережелеріне сәйкес artsport.edu.kz мыналарды ұсынуы тиіс: ақпараттық қауіпсіздікке сынақтардың сәтті нәтижесі туралы акт; білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялауә, — деді комиссия төрағасы.

3000-нан астам бала шетелде болса да, қағаз жүзінде үйірмеге тіркелген. 5000-нан астам сабақ өткізілмеген. Бұл ретте, еңбек шарттарын жасаспаған, зейнетақы аударымдары жүргізілмеген жаттықтырушылардың өздеріне қатысты да еңбек құқықтарының бұзылуына жол берілді. Бірнеше миллион долларлық залал келтірілген. тексеру әлі жалғасып жатыр.

«Мұнда бюджет қаржысын ұрлау үшін нақты схема қолданылғанын көріп отырмыз. Біз осы бағдарламаның жұмысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеуіміз керек. Бағдарлама функционалының өзі тиімсіз, бақылау-қадағалау органдарына бюджет қаржысының жұмсалуын уақытылы әрі тиімді бақылауға мүмкіндік бермейтінін көріп отырмыз. Сол себепті бүгінгі күні прокурорлық қадағалау актілерін енгіздік, онда осы бұзушылықтардың барлығын көрсеттік. Сонымен қатар, өткен жолы бұрын сотталған 10-нан астам жаттықтырушының балалармен жұмыс істеген фактілерінің бар екенін айттық. Тексеру жалғасуда. Бұған қоса, жүйенің жұмысына қатысты мәселелер бар. Қазір біз тексеру комиссиясымен бірлесіп, бақылау-қадағалау органдарына жоқ ЖСН, басқа облыстарда тұратын балалар және т.б.с.с алаяқтықтың жолын кесу үшін бағдарламаның өзіне техникалық аудит жүргізуді пысықтап жатырмыз. Жақында соңғы нәтижелері шығады», -деді  Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Рақышев.

Ал қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Спорт және Мәдениет басқармаларының міндеттемелері заңнамаға және бағдарламаны іске асырудың қолданыстағы қағидалары қатаң сәйкестікте орындалатынын айтты. Қазір тексеру комиссиясы мен прокуратураның алдын ала деректерін ескере отырып, жыл соңына дейін қажетті болжамды қаражат көлемі 8,5 млрд теңгеден 5 млрд теңгеге дейін төмендеген. Тексеру барысында бұл көрсеткіш одан ары да азаюы мүмкін.

«2022 жылы қолданыстағы ваучерлер бойынша жеткізушілерге қызметтерді төлеу үшін ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін бөлінгені — 11,7 млрд теңге. Бүгінгі таңда artsport.edu.kz сайтының деректері бойынша шұғылданушылар саны 83 мың баланы құрайды, оның 35,5 мыңы спортпен және 47,5 мыңы шығармашылықпен айналысады. 27 қыркүйектегі жағдай бойынша әкімдікте ұсынылған актілер негізінде биылғы жылдың маусым айынан тамыз айының соңына дейін көрсетілген қызметтер үшін 2,2 млрд теңге көлемінде берешек бар. Бірден хабарлаймын, Алматы қаласы әкімдігінің бюджет комиссиясы бұл соманы мақұлдап, өтінім мәслихатқа жіберілген болатын. Мәслихат отырысы 30 қыркүйекте өтеді. Депутаттар бұл өтінішті қолдайды деп үміттенеміз. Осы себепті әкімдіктің берешегі мәселесі шешілген, яғни мәслихат жұма күні мақұлдағаннан кейін, біз одан әрі рәсімдердің жылдам өтуіне және барлық жеткізушілермен есеп айырысуға тырысамыз. Ел Президентінің тапсырмасы біз үшін абсолютті басымдық болып табылады және ол кез келген жағдайда орындалады. Жаңа ережелер де әзірленіп жатыр. Ол келесі  жылдың мәселесі. Қазір біз қолданыстағы ережелер бойынша жұмыс істейміз», — деді Алматы қаласы  әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

15