Алматыдағы ойын-сауық саябақтарының бірінде «Ромашка» деп аталатын Top skan аттракционы кенеттен тоқтап, ондаған адам биікте тұрып қалған, деп хабарлады Qazaq.today ақпарат порталы turkystan.kz-ке сілтеме жасап.
Мәліметтерге сенсек, жағдай 13 сәуірде болған. Аттракцион айналып жатқан сәтте жұмысын тоқтатқан. Куәгерлердің айтуынша, адамдар бірнеше минут бойы биікте тұрып қалған.
«Мир фантазий» саябағының әкімшілігі аттракцион қауіпсіздік датчигінің іске қосылуына байланысты тоқтағанын мәлімдеді.
«15:08-де Top skan аттракционы тоқтады. 15:16-да барлық келуші эвакуацияланды. Ешкім зардап шеккен жоқ, шағымдар мен наразылықтар түскен жоқ. Жағдай саябақ инженерлерінің толық бақылауында болды», – деді саябақ әкімшісі Виктор Данилов.
Әкімшіліктің айтуынша, сол күні датчик ауыстырылған.
«Барлық аттракционды штаттағы инженерлер күн сайын саябақ ашылар алдында тексереді. Сонымен қатар ай сайын мемлекеттік бақылау органдары тарапынан да тексеріс жүргізіледі. Барлық бөлшек, тіпті, ұсақ жарықтар да жіті тексеріледі», – деді ол.
Саябақ әкімшілігі аттракциондардың көбі қолданылып тұрғанына он жылдан асып кеткенін мойындады. Алайда оларды уақытылы және дұрыс күтіп ұстаған жағдайда пайдалану мерзімі шектеусіз екенін атап өтті.