Алматыда 1200 көше шамы ауыстырылды

Алматыда көшелерді жарықтандыру желілерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып келеді. Алмалы, Әуезов, Жетісу, Түрксіб, Алатау, Медеу ауданының әкімдіктері децентрализация аясында «Алматы Қала Жарық» МКК-мен жарықтандыру жабдықтарына қызмет көрсетуге келісімшартқа отырды. Соның нәтижесінде қызметкерлердің штат саны артты.

«Алматы Қала Жарық» МЖӘ жергілікті жерлерде көшелерді жарықтандыру мәселесін өз бетінше шешіп келеді. Бұрын компанияның құрылымында техникалық қызмет көрсету мамандары болмаған. Бұл міндетті қазір жұмысты сапасыз орындағаны үшін сот талқылауы жүріп жатқан жекеменшік серіктес (ABM-Vuilding 2007, «Электроремонт» ЖШС және «ABM-Project» ЖШС сынды үш компаниядан тұратын консорциум) орындаған. Қаланың қоғамдық қабылдау бөлмесіне көшелерді жарықтандыруға қатысты жекеменшік серіктестің кемшіліктері мен салғырттығына байланысты шағымдар әлі де келіп жатыр.

Айта кетейік, егер қазанның соңында учаскелерге 20 маман барса, бүгінде көшпелі бригада 30 адамға дейін толықты. Сол қызметкерлердің санын кезең-кезеңімен көбейту, сонымен қатар, жақында Наурызбай және Бостандық ауданының әкімдіктерімен осындай шарттар жасасу жоспарланған.

Қазір ШЖҚ «Алматы Қала Жарық» МКК қала көшелерінің, даңғылдарының, скверлерінің, алаңдарының және көппәтерлі үйлердің ауласының сыртқы жарықтандыру желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып отыр.

Атап айтқанда, аудан әкімдіктерімен жасалған шарттың талабына сәйкес 14 шақырым жарықтандыру желісі салынып, 1200 шам жөнделіп, ауыстырылды. Жөндеу бригадаларының көбеюін ескере отырып, проблемалық учаскелерге қызмет көрсету уақыты айтарлықтай қысқарды. Сыртқы жарықтандыруды басқару шкафтары жөнделіп жатыр.

Өткен демалыс күндері әл-Фараби даңғылында, Құлжа күре жолында, ШААЖ, Сүйінбай даңғылында техникалық мамандар 470 шамды ауыстырды. Сонымен қатар, Абай даңғылында (Сейфуллин көшесінен Абылай хан даңғылына дейін) 46 торшерлі көше шамы орнатылды.

 

21