Алматы қалалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы әуежайда, әсіресе ұшу алдындағы әрекеттер мен ұшаққа отырғызу кезінде орынсыз мәлімдемелер мен «әзілдерге» жол берілмейтінін ескертеді. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы халықаралық әуежайында жасөспірім досының сөмкесінде жарылғыш зат бар екенін айтып, әзілдеді. Соның салдарынан әуе кемесі мен барлық жолаушыларды тексеру жоспары іске қосылып, рейстің кешігуіне және ұшуға уақытша шектеулер енгізілуіне себеп болды, деп хабарлады Алматы қалалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб өкілдері.
Штаб өкілдерінің айтуынша, мұндай мәлімдемелер, тіпті әзіл ретінде айтылған болса да, қауіпсіздікке әлеуетті қатер ретінде қарастырылады. Азаматтарды тексеру аймағында және әуе кемесінің бортында қауіп-қатерге, қару-жараққа, жарылғыш құрылғыларға және басқа да ықтимал қауіпті тақырыптарға қатысты сөздер мен сөз тіркестерін қолданбауға шақырамыз, деп атап өтті ведомстводан.
Бұған дейін FlyArystan жолаушысы бортсерікке қол жұмсап, ұшақта бомба бар екендігін айтқан жағдай тіркелген еді.