Алматы әуежайында ерлік жасаған адамның кім екені белгілі болды

Алматы әуежайында қызметкерді қылмыскерден құтқарған ер адамның кім екені белгілі болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Orda.kz басылымының жазуынша, әуежай қызметкерін 52 жастағы Мұса Әбдірайым есімді ер адам құтқарып қалған. Айтуынша, ол осыған дейін тай боксымен және өзге де күрес түрлерімен айналысқан.

«Мен танысымды шығарып салуға келгенмін. Оның қыз балаға шабуыл жасап жатқанын көрдім. Өзім үшін емес, соның өмірі үшін қорықтым», — деді Мұса Әбдірайым.

Оқиға бүгін сағат 11-45 шамасында ішкі терминал аумағында болған. Шабуыл жасаған ер адам өзін жолаушы ретінде таныстырып, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Одан құжаттар сұраған кезде ол әуежай қызметкерінің шашынан тартып, пышақпен қорқытқан.

Оқиға орнында болған Мұса Әбдірайым қаскүнемнен әуежай қызметкерін босатып, орнына өзін кепілдікке алуын сұраған. Желіде тараған бейнежазбада көрсетілгендей, Мұса Әбдірайым күдіктінің қолындағы пышағын тартып алған.

Полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері 7 минуттан кейін шабуылдаушыны ұстап, қаруын тартып алды. Қазір әуежай қызметкеріне шабуыл жасаған қамауға алынды. Құқық қорғау органдары мән-жайды анықтап жатыр.

Оңтүстік мегаполисте болған оқиға Президентке де жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, оны мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды.