Алматы тұрғындарының ауыз суға қарызы 500 миллион теңгеге жетті (видео)

Алматыда ауыз судың ақысын төлемейтін тұрғындардың саны көбейді. Тіптен күн сайын той-жиын өткізіп, қомақты қаржы тауып жатса да, тұтынған ауыз судың ақысын төлемейтін кәсіпкерлер бар. Қаланы тіршілік нәрімен қамтамасыз етуші «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мамандарын рейдке шығарды. Енді олар ұзақ уақыт тұтынған судың қарысыз төлемеген тұрғындарды тіршілік нәрінен ажыратады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

Алматының Медеу ауданы – ауқаттылар мен ірі кәсіпкерлер шоғырланған аумақ. Күн сайын тапсырыс алып, жиі банкет өткізумен қомақты қаржы тауып жатқан кафелердің бірінің иесі ауыз судың құнын төлеуді мүлдем доғарған. Бүгінгі таңда кәсіпкердің қарызы 1,6 миллион теңгеден асып кеткен. Ескертуді мүлдем елемеген кафенің қожайыны бүгінен бастап той-жиын өткізе алмайды. Мамандар кафені ауыз судан ажыратып тастады.

«Жеке кәсіпкер Айменованың Жамақаев көшесі бойында орналасқан кафесіне келдік. Кәсіпкер Медеу ауданы бойынша суға және кәріз жүйесінің қызметі бойынша қарыз. Бұрын да қарызын төлемеген кәсіпкерді алты айға дейін күткен кезіміз болған. Өзі кейін қарыздарын 6 айға бөліп төлейтін кепілхат та берген. Ол уәдесін де орындамады. Біз күте-күте шаршадық, қазір міне, 2023 жылдың сәуірі басталды. Кафені ауыз судан толықтай ажыраттық. Тұтынушыларына төлемді уақытымен жасаңыздар деп ескерткім келеді», — деді «Алматы Су» МКК инженері Самат Қамбарбаев.

Бүгінгі таңда алматылықтардың берешегі жарты миллиард теңгеге жуықтаған. 2 айдан астам мерзімі өткен дебиторлық берешектің жартысына жуығы жеке тұлғаларға, қалғаны заңды тұлғалар, яғни кәсіпкерлерге тиесілі. Тіптен тұтынған суық судың ақысын төлемейтін мемлекеттік мекемелер де бар. Борышкерлердің саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Соңғы айда қарыз көлемі тағы 55,2 млн теңгеге ұлғайған.

«Алматы Су» мекемесі қазіргі кезде рейд жұмыстарын бастады. Суық су мен кәріз жүйелерін пайдаланғаны үшін төлем жасамайтын тұтынушыларды судан ажыратып, кәріз суын бекіту жұмыстарын жүргіземіз. Бүгінде 500 миллион теңгеге жуық берешек тіркелген. Біздің мақсатымыз тұтынушыларды ауыз су мен кәріз жүйесін пайдаланудан шектеу емес. Ең бастысы, ескерткен кезде, кері байланысқа шығып, уақытында төлеп тұрса дейміз. Біз тұтынушы тиісті соманы төлемеген кезде, бірден өшіріп тастамаймыз. Әуелі SMS-хабарлама жібереміз. Екіншіден, үйлеріне хабарландыру қалдырып кетеміз. Осы шаралардан кейін қарыз жабылмаса, өшіреміз. Су мен кәріз жүйесін бұғаттағанға да көнбейтін болса, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр боламыз», — деді  «Алматы Су» МКК өкілі Ақбота Жылысова.

Кәсіпорын қаладағы 551 мыңнан астам пәтерді, жеке үйлерді, заңды тұлғаларды және басқа да тұтынушыларды ауыз сумен қамтиды. Қабылданған әртүрлі қатал шарадан кейін 13,5 мың борышкерден 545 млн теңге өндіріліпті. Қарыз көлемі жарты миллиард теңгеге, берешегі бар тұтынушылардың саны 70 мыңға жуықтады.

«ҚР Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 24 маусымдағы №58 бұйрығымен бекітілген сумен жабдықтауға және су бұруға арналған үлгілік шарттың талаптарына сәйкес тұтынушы есеп айырысу кезеңінен кейінгі айдың 25-күніне дейін көрсетілген қызметтердің нақты саны үшін ақы төлейді. Сондай-ақ кәсіпорын қызмет көрсетуден кейін екі ай ішінде қызметтерге ақы төленбеген жағдайда ғана қызмет көрсетуді тоқтатуға құқылы. Дебиторлық берешекті төмендету мақсатында кәсіпорын күн сайын берешекті өндіріп алу бойынша іс-шаралар жүргізеді, сотқа дейінгі және сот шараларының барлық спектрін пайдаланады. SMS-хабарламалар 32 715 борышкерге жіберілді. Сотқа дейінгі хабарламалар саны – 20 975, сомасы – 682,1 млн теңге. Оның ішінде 386,8 млн теңге төленді. 121,08 млн теңге сомасына 9 419 тұтынушыға қызмет көрсету тоқтатылды», — деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі.

Ең қатал шараның бірі – тұтыну ақысын төлемеген пәтердің кәріз жүйесін бітеп тастау. Лас су ағып кетпегендіктен, үйдің ішіне жағымсыз иіс тарай бастайды. Ондайда пәтер иелері қарызын бірден төлеуге көшеді екен. Осы әдіспен 631 борышкердің кәріз құбыры бітелген. Бірақ қарызды өндіріп алудың мүмкіндігі мүлдем жоқ жағдайлар да бар дейді мамандар. Нысанның меншік құқығы тіркелмегендіктен және борышкер-меншік иесінің толық аты-жөні бойынша деректер жоқ болғандықтан, ондаған миллион теңге берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу мүмкін болмай отыр.

«Алматы қаласы бойынша суық су мен кәріз жүйесі үшін ел бойынша ең төменгі тариф белгіленген. Ал коммуналдық қызметтер үшін жалпы төлемдер құрылымында суық су мен кәріз үшін төлем 5%-дан аспайтынына қарамастан, қалада пәтерлер мен үйлердің иелері, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы шоттары бойынша төлем жасамайтын заңды тұлғалар бар», — деді Ақбота Жылысова.

Qazaq.today