Алматы студенттері экодатчиктер ойлап тапты

Алматыда студенттер жаңа экодатчик ойлап тапты. Өнертапқыштар Алматы көшелеріндегі экодатчик жұмысының алғашқы нәтижелерін де тексеріп үлгерген, деп хабарлайды Qazaq.today.

Қаладағы көліктен шығатын зиянды заттардың көрсеткіші Алматы қаласының Экология басқармасы мен Полиция департаментіне берілді. Оны Алматы қаласының техникалық мамандықтар бойынша білім алатын сегіз студенті ойлап тапқан. Олар газдың нормалардан асып кету ықтималдығы жоғары автокөліктерді анықтауға мүмкіндік беретін алгоритмдерді әзірледі. Бұл алгоритмдер экодатчиктер жүйесіне біріктірілген, ол автокөліктерді тексеру уақытын қысқартуға және экобекеттердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Компания 2022 жылдың қараша айында Алматы қаласында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Satbayev University, Қазақстан-Британ техникалық университеті және басқа да еліміздің ірі жоғары оқу орындарының студенттерін біріктіріп, Spark Lab студенттік зертханасын іске қосқан болатын. Біздің зертханада студенттер табиғи өрттер, атмосфералық ауаның ластануы, рұқсат етілмеген қоқыс тастау орындары сияқты Қазақстанның өзекті мәселелерін шешу үшін жұмыс істеп, жобаларды күнделікті өмірге енгізу жолында баға жетпес тәжірибе алуда. Біз Sergek Group-пен Алматы қаласындағы ауа сапасын бақылау саласындағы инновациялық шешімдерді әзірлеудегі ынтымақтасқанымызға қуаныштымыз», – деді жоба жетекшісі Петр Яковлев.

Экодатчик атмосферада зиянды заттардың болуын және басқа параметрлерді тіркейтін «Сергек» зияткерлік жүйесін жасаушылардың сертификатталған өлшеу құралы. Алматы қаласы көшелерінің қиылысында осындай он датчик орнатылған. Қазір полиция көліктердегі пайдаланылған газдың нормаларға сәйкестігін қолмен тексеруде. Бұзушылық анықталған жағдайда жүргізушіге ӘҚБтК-нің 334-бабы бойынша айыппұл салынады. Бұл процедура уақытты қажет етеді және тиімсіз болып табылады.

Тоқтатулардың тек 25%-ы шығарындылар нормаларынан асып кету бойынша айыппұл салуға әкеп соғады, яғни Алматыдағы әрбір төртінші автокөлік бұл нормаларды сақтамайды. Сонымен қатар, экобекет ұтымды пайдаланылмайды, өйткені автокөліктердің 75%-ының шығарындылар бойынша мәселесі жоқ. Студенттер ойлап тапқан экодатчиктер экобекеттердің тиімділігін арттырады – олар тек тексеруді қажет ететін көліктер туралы ақпарат береді.

«Ауаның сапасын өлшеп қана қоймай, оны жақсарту бойынша техникалық және заңнамалық шешімдермен белсенді жұмыс істеу маңызды. Spark Lab студенттерімен бірлесіп жұмыс істеу осы бағыттағы тағы бір қадам болды. Олар әзірлеген экологиялық скоринг моделі біздің математикалық модельдер жинағымызды толықтырады және барынша тиімділікке қол жеткізу үшін пысықталады. Біз индустрия мен білім беру мекемелері арасындағы осындай бірлескен жобалар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын инновациялық шешімдер жасауға әкелетініне кәміл сенеміз», – деді студенттер тобының ғылыми жетекшісі Болат Тәңірберген.

Qazaq.today