Алматы прокуратурасы қаңтар айында сейсмикалық ескерту жүйесі қосылмағаны үшін қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. Қылмыстық іс абайсыздық бабы бойынша тергеліп жатыр. Айта кету керек, ескерту жүйесіне миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
23 қаңтар мен 4 наурыз аралығында Алматыда бірнеше жер сілкінісі болды. Қатты шошынған тұрғындар ескерту жүйесінің жұмыс істемегеніне наразылық білдірді. Президент те бұл жағдайға сын айтып, тексеру жүргізуді тапсырды.
“Алматы қалалық прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі «Абайсыздық» бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Алматы қаласының арнайы прокурорлар басқармасы жүргізуде. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеп-тексеру барысы туралы басқа мәліметтер жарияланбайды”, – деді Алматы қалалық прокуратурасының аға прокуроры Райымбек Шәрібаев.
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері де өз бетінше тексеру жүргізіп жатыр. Ескерту жүйесі бюджетке бір миллиард теңгеден астам шығын әкелген. Қоғам белсенділері бұл қаржының дұрыс жұмсалмағанын айтады.
“Мердігердің айтуынша, бір швейцариялық сейсмикалық датчик құны 11 миллион теңгеден сәл асады, оған қоса шағын серверлік қорап пен коммуникациялық құрал-жабдықтар шамамен 2-3 миллион тұрады. Құрылысқа 7-9 миллион жұмсалды делік. Болжам бойынша оның жалпы құны 20 миллионнан аспауы керек. Дегенмен құжат бойынша 40 миллион деп көрсетілген”, – деді «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов.
Қоғам белсенділері Ішкі мемлекеттік аудит департаментінен ақшаның қалай жұмсалғаны туралы есеп беруді талап етуде.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Тоқаев Алматыда сейсмологиялық зерттеу жүргізілетінін мәлімдеген болатын.