Алматы облысында балабақшаға барған 3 жастағы бүлдіршін қайтыс болды. Ол балабақша аумағындағы кәріз құдығына құлап кеткен, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы. Оқыс оқиға 13 қыркүйек күні Еңбекшіқазақ ауданының Қырбалтабай ауылында түс уақытында орын алған.
«Еңбекшіқазақ ауданының Полиция басқармасына Қырбалтабай ауылындағы балабақшаның бірінің аумағында ашық кәріз құдығына құлағаннан кейін ауылдық ауруханада 3 жасар баланың қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті», — деді облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлігімен (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) тергеу басталды.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын толық, объективті және жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ету үшін қажетті сараптамаларды тағайындаумен тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысын мен жеке бақылауыма алдым», — деді Б. Әленов.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.