Алматы облысында нашар жүріп жатқан жол жөндеу жұмысының видеосы желіге тарады

Желі қолданушысы Алматы облысы Кемертоған ауылында сапасыз жасалып жатқан жол жөндеу жұмысын видеоға түсірді.

Видео авторы өтірік асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан.

«Жол жабылмаған, ойылған жерге құйылған смола ары-бері өткен көліктердің дөңгелегіне жабысып кетіп жатыр. Смоланың үстімен көліктер жүріп тастады. Ал енді оған асфальт қалай жабысады? Әшейін өтірік жұмыстар», — дейді желі қолданшушысы.

Алматы облысының әкімдігі қазіргі таңда Қарасай ауданы, Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылында облыстық маңызы бар жолдарды жамау жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.

«Кемертоған көшелеріндегі жөндеу жұмыстарына қатысты әлеуметтік желіге шыққан видео негізінде мердігерге түсініктемелер беріліп, құрылыс нормалары мен ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай жұмыстарды тапсырыс беруші қабылдамайды», — деп жазды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.