Алматы облысында 3 жасар сәби балабақша аумағындағы кәріз құдығына құлап қайтыс болды, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға кеше, яғни 13 қыркүйекте сағат 13:08 шамасында болған.
«Еңбекшіқазақ ауданының Полиция басқармасына Қырбалтабай ауылындағы балабақшаның бірінің аумағында ашық кәріз құдығына құлағаннан кейін ауылдық ауруханада 3 жасар баланың қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті», — деді облыстық ПД басшысы Бауыржан Әленов.
Аталған дерек ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлігі бойынша (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) полицияда тіркелді.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын толық, объективті және жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ету үшін қажетті сараптамаларды тағайындаумен тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысын мен жеке бақылауыма алдым», — деді Б. Әленов.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Qazaq.today