Алматы әкімі Ерболат Досаев қызметінен босатылды — Ақорда

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өз лауазымынан босатылды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Qazaq.today.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерболат Асқарбекұлы Досаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.

Ерболат Досаевтың өмірбаяны

Ерболат Досаев – Республикалық физика-математика мектебінің түлегі. 1993 жылы Алматы энергетика институтын тәмамдаған. Еңбек жолын жеке компанияларда бастаған. 1997 жылы «Акцепт» корпорациясының бас директоры болды.

Кейін «Банк Туран-Алем» басқарма төрағасының орынбасары, «Алматылық сауда-қаржы банкі» басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. 1998 жылы Премьер-Министр кеңесшісі, одан соң Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі болды.

2000 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі қызметіне тағайындалды.

2001-2002 жылдары – «Қазақстан даму банкі» директорлар кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы болды.

2003 жылы Қаржы министрі, 2004 жылы Денсаулық сақтау министрі лауазымдарын атқарды. 2006–2012 жылдары – «КазИнвестБанк» директорлар кеңесінің төрағасы.

2012 жылы – Экономикалық даму және сауда министрі, кейінірек Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болды. 2014 жылы Ұлттық экономика министрі қызметіне кірісті. 2016 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасы атанды. 2017 жылы Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды.

2019 жылдан 2022 жылға дейін – Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы қызметін атқарды.

Айта кетейік, Ерболат Досаев 2022 жылдың 31 қаңтарында Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған еді.