Алдағы 5 жылда адамзатты бұрын-соңды болмаған ыстық күтеді — ДМҰ есебі

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) жер бетінің алдағы 5 жылдағы температурасы туралы есебін жариялады. Болжамға сай, 2025 — 2029 жыл аралығында жаһандық жылыну рекордтық деңгейде сақталады, климаттық қауіп артып, қоғам дамуына кері әсерін тигізеді.

Орташа жылдық жер үсті температурасы 1850–1900 жылдар аралығындағы деңгейден 1,2–1,9 градус Цельсийге жоғары болмақ. 2024 жыл әлем тарихында ең ыстық жыл деп тіркелген болса, алда бұдан ыстық жылдар күтіп тұр.

2025–2029 жылдар аралығында орташа жаһандық жылыну деңгейінің 1,5 градус Цельсийден асу ықтималдығы – 70 пайыз. Ал бұған дейінгі есепте 2024–2028 жылдарға арналған бұл көрсеткіш 47 пайыз деп көрсетілген еді. Ауа температурасының сәл ғана көтерілуі аптап ыстықтың күшеюіне, жауын-шашынның көп түсуіне, қуаңшылыққа, мұздықтардың еруіне, мұхиттардың қызуына және теңіз деңгейінің көтерілуіне алып келеді.

Алдағы қыс айларында (қарашадан наурызға дейін) Арктикадағы жылыну жаһандық орташа көрсеткіштен 3,5 есеге дейін жылдам жүреді деп болжануда. 2025–2029 жылдардың наурыз айларында Баренц, Беринг және Охот теңіздеріндегі мұз жұқарады.

Соңғы он жыл – адамзат тарихындағы ең ыстық онжылдық болды, алдағы уақытта да бүл үдеріс тоқтаусыз жалғаса бермек.

«Біз тарихтағы ең ыстық онжылдықты өткердік. Өкінішке қарай, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым деректеріне сәйкес, алдағы уақытта жағдай жақсара қоймайды. Бұл біздің экономикамызға, күнделікті өмірімізге, табиғи экожүйелерге және жалпы планетаға кері әсерін тигізуді жалғастырады», – деді Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым Бас хатшысының орынбасары Ко Барретт.

Сарапшылардың болжамынша, 2015 пен 2034 жылдар аралығында жер шарының орташа температурасы өнеркәсіпке дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,44 градус Цельсийге жоғары болады. Егер осындай үрдіс жалғаса берсе, табиғи апаттар мен ауа райының қолайсыз құбылыстары жиілеп, әлем елдері үшін елеулі қатер төнуі мүмкін.