Акциз сомасы 2,6 млрд теңге: Қырғызстаннан контрабандалық тауар тасыған қылмыстық топ Семейде ұсталды

Фото: Бейнеден кадр/ҚМА

Семей қаласында темекі өнімдерін ірі көлемде заңсыз айналымға түсірген трансұлттық топтың 3 мүшесіне қатысты айыптау үкімі шығарылды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі мәлімдеді. Тергеу ҚМА Абай облысы бойынша департаментімен жүргізілген.

— Тергеу барысында 8 адам, оның ішінде 3 шетел азаматын қамтыған қылмыстық топтың Қырғызстаннан жалған құжаттар арқылы 9,3 млн қорап темекіні заңсыз кіргізгені анықталды. Темекі өнімдері Алматы, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарының аумағында сатылған. Сонымен қатар, қылмыскерлер тауардың бір бөлігін Ресейге шығармақ болған. Барлық заңсыз өнім айналымнан алынып, төленбеген акциз сомасы 2,6 млрд теңгені құрады, — делінген хабарламада.

Мүлікті тәркілеу мақсатында 9 автокөлік пен жеке тұрғын үйге тыйым салынды. Сонымен қатар, тергеу барысында сот қылмыстық жолмен алынған мүлікті алдын ала тәркілеу туралы өтініштерді қанағаттандырды.

— 157 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша және құны 840 мың теңге тұратын «777» VIP автонөмір тәркіленді. Сот үкімімен Д.Бекешев, Д.Сатыбалдиев, Д.Султанов ҚР ҚК 264-бабының 2-бөлігі (трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысу), 214-бабының 2-бөлігі 1) және 3) тармақтары (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді және 166 млн теңге тұратын барлық тәркіленген мүлікті мемлекет меншігіне алынды”, – делінген ҚМА хабарламасында.

Қалған 5 қатысушыға халықаралық іздеу жарияланған. Олардың бірі Ресей Федерациясы аумағында ұсталып, оны экстрадициялау туралы өтініш тиісті органдарға жолданған.