Желтоқсанда жылдамдықты шектен тыс асырып айдаған жүргізушілерге айыппұлды көбейту туралы әкімшілік кодекске өзгеріс күшіне енеді, деп хабарлайды Qazaq.today.
Дегенмен сарапшылар соманы екі есе арттыру заңбұзушылықтар санына әсер етпейді деп есептейді.
Екі айдан кейін белгіленген норманы сағатына 60 шақырымнан асырғандар 40 АЕК, яғни 147 мың теңге төлейді. Қайталанған жағдайда сома 221 мың теңгеге дейін артады. Ал қазір айыппұл – 73 мың.
«Осындай заң бұзушылықтар үшін айыппұлдарды көбейту орынды деп есептеймін. 5 шақырым асып кетіп, кейде байқамай жатамыз. Бірақ белгіленген норма 40 болғанда, 100-бен жүру – бұл анық заңбұзушылық», – деді тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков.
Тағы бір сарапшы заңбұзушыларды ештеңе тоқтатпайтынын айтады. Сөзінше, 73 мың айыппұлдан қорықпаған адам 147 мың теңгенің айыппұлына да алаңдамайды. Өйткені мұндай заңбұзушылықтарды көбіне жағдайы нашар емес азаматтар жасайды. Одан да жүргізуші куәлігінен айырып, алғашқы 7 күн үшін 50% жеңілдік мүмкіндігін алып тастау керек дейді.
«Инженерлік шешімдер қажет. Жылдамдықты арттыруға жағдай жасаудан аулақ болу керек. Қалада жоғары жылдамдықпен жүретін мүмкіндік болмау керек. Мысалы қиылыстарда жасанды тарылту бар. Алматының немесе басқа қаланың қауіпті қиылыстары картасы қажет», – деді «За рулем» журналының бас редакторы Алексей Алексеев.