«Айына бір тонна қымыз өткіземін»: Нұрлан Еспановтың ұлы бір жылда 7 көлік мінгенін айтты

Әнші Нұрлан Еспановтың ұлы блогер Олжас Еспанов табысты болуының құпиясын бөлісті, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Өнер иесі журналист Анна Данченкоға сұхбат беріп, көлікқұмар екенін айтты.

“Бір алған көлігімді көп уақыт мінемін деп ниеттенемін. Бірақ басқа жақтан жақсы көліктер шығып тұрады. Мініп жүрген көлігімді сатып, соны аламын. Кейде айырбастап жіберемін. Үстіне ақша қосып жаңасын аламын. Жалпы, көлікті қатты жақсы көремін. Бір жылда жеті көлік алмастырған кезім болды. Кейде көліктерім ұнамай қалады”, – деді Олжас.

Бүгінде блогер жігіт қымыз сатып, табыс тауып отырғанын жасырмады.

“Қазақтың ұлттық сусыны қымызды жеке кәсіпке айналдырып жатырмын. Өзім алып, өзім сатып жүрмін. Алматы мен Алматы облысы бойынша таратамыз. Жақсы ақша түсіп жатыр. Айына бір тонна қымыз өткіземін десем өтірік айтқаным емес. Қазір команда жағын реттеп жатырмын. Осы кәсіптің арқасында жақындарыма түгел сыйлық жасадым. Оны көрген шығарсыздар. Әлеуметтік желіге таралып кетті. Әке-шешем мен бауырларымнан бөлек, әкемнің інілеріне де сыйлық жасадым”, – деді әншінің ұлы.