«Қайтыс болғандар бар»: Алматыда мотоцикл жүргізушісі жантүршігерлік жол апатын жасады

Қазіргі уақытта қайғылы жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Алматы қаласы Полиция департаменті жол апатының 9 сәуір сағат 1:30 шамасында Алатау ауданында болғанын мәлімдеді. Мотоцикл жүргізушісі Т.Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатып, алдымен жеңіл көлікке соқтығысады. Содан соң қозғалысты тоқтатпаған күйде 3 жұмысшыны қағып өткен.

– Өкінішке қарай, екі ер адам оқиға орнында көз жұмды. Ал әйел ауыр халде қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді. Полицияның анықтау басқармасы екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғады, – дейді департамент мамандары.

Дәрігерлер мотоцикл қағып кеткен әйелдің денсаулығы туралы да айтып өтті. Олардың сөзінше, жарақат алған жұмысшының жағдайы мәз емес.

– Пациент №7 қалалық клиникалық ауруханаға көптеген жарақатпен ауыр халде түсті. Қазір реанимация бөлімшесінде барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр. Жағдайы өте ауыр, – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.