Жаңадан құрылған Алатау қаласының 17 мектеп мұғалімдері Мемлекет басшысына үндеу жолдап, видео жариялады.
Әлеуметтік желіде пайда болған видеоға қарағанда, ауыл мұғалімдері жалақыларының қысқарғанына шағымдануда. Айлықтарының 25 пайыз үстемақысы жоқ дейді мұғалімдер қауымы.
«Қасым-Жомарт Тоқаев, Дәулет Мұқаев, Асхат Аймағамбетов және Білім министрі Ғани Бейсембаевқа үндеу жолдаймыз. Біз жаңадан Құрылған Алатау қаласының мұғалімдері, 17-мектеп мұғалімдері сіздерден көмек сұраймыз. Қыркүйек айының жалақысын есептеген кезде, біз 25 пайыз үстемақымыздан айырылып отырмыз. Осы мәселені бізге шешіп берулеріңізді сұраймыз. Себебі қала болып саналғанымен, қала болатындай ешнәрсеміз жоқ. Біз сол бұрынғыдай қандай ауылда тұрсақ, сол ауылда тұрып келеміз. Ешқандай өзгеріс жоқ. Депутаттар 10 жылмен салыстырғанда Жетіген өзгерген деп айтып жатыр. Ондай түгі жоқ. Бұрын қалай тұрдық, дәл сол қалпымызда өмір сүріп келеміз. Сол себепті біздің ауылдық статусымызды қалдыруларыңызды сұраймыз», — дейді мұғалімдер.
Бұдан бөлек, мұғалімдер күні қарсаңында өткізілген концертте, қала әкімі сөз сөйлеп, мұғалімдердің 25 пайыз үстемақысы сақталады деп айтқан. Алайда, мұғалімдердің айтуынша бұл жалған болып шықты. Заң жүзінде өзгерістер енгізілсе, бізге құжатты көрсетсін дейді олар. Бұйрық болуы керек. Әйтпесе, әкімнің сөзі шындықпен жанаспайды.
«Әкім үстемақы сақталады деді, ал мектеп бухгалтері ұстап қалды дейді. Кімге сенеміз? Біздің білуімізше, бюджет бір жылға бекітіледі. Ал біздің жалақымыздан қандай негізде ұстап жатыр? Құжат қайда? Біз наразымыз, өте ашулымыз. Бізді кішкентай бала сияқты алдап отыр», — дейді үндеу жарияланған видеодағы мұғалім.
Мұғалімдердің айтуынша, барлық өзгерістер оқу жылы басталмай тұрып жасалуы керек. Егер алдын ала осындай өзгерістер енгізіледі деп хабарласа, бүгінгідей митингіге шықпас еді. Зейнет жасына жақындап қалғанда министрлік тарапынан осындай бассыздық көргеніне мұғалімдер наразы. Олардың айтуынша, министрлік өзі заңды бұзып, оқу процесіне кедергі жасап жатыр.
«Дәл осындай жағдайда балаларға қалай білім береміз? Мұғалімдер де несиесін төлеп, өз өмірінің қамын жасауы керек. Ал осы жолы алған жалақымыз өте төмен», — деп шағымданды мұғалім.
Желіде пайда болған видеодан байқағанымыз, 50-жуық ауыл мұғалімі наразы акциясына жиналған.
Айта кетейік, бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов кезінде жаңартылған бағдарламамен сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы өсетінін айтқан еді. Яғни, жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ беретіндерге 30 процент үстемақы төленеді. Ол мұғалімнің санаты әртүрлі болуы мүмкін, тиісінше жалақыға қосылатын 30 процент те әртүрлі болады. Ауылдық елді мекенде жұмыс істесе, оған тағы 25 пайыз қосылады. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы да осындай өзгерістерді көздейді.