Қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Таиландтың Чиангмай қаласындағы Азия чемпионатының финалында өнер көрсетті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
+92 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Айбек Оралбай финалда қытайлық Абудурешити Ремуламен кездесу өткізді. Нәтижесінде Айбек Оралбай Қытай боксшысын төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңді. Айбек Оралбай 2022 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында 92 кг дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған болатын.
Қазақстан ерлер құрамасы бұл Азия чемпионатында 4 алтын, 5 күміс, 1 қола жүлде еншіледі. Махмұд Сабырхан (54 кг), Бекзат Нұрдәулетов (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг), Айбек Оралбай (+92 кг) чемпион атанды. Санжар Тәшкенбай (48 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг), Диас Молжігітов (75 кг) күміс медаль иеленсе Ерасыл Жақпеков (80 кг) қола медальді қанжығасына байлады.
Естеріңізге сала кетейік, Таиландтың Чиангмай қаласындағы Азия чемпионатының әйелдер арасындағы жарыста Қазақстан құрамасы турнирдің медальдар есебінде көш бастады. Қазақстанның әйелдер құрамасының боксшылары 5 алтын, 5 қола жүлде жеңіп алды.